Партия облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын ілгерілету мәселесі бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері», «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіровпен жастардың кездесуі өтті.
Жиынға «Жас Отан» Жастар қанатының төрағалары, бастауыш бөлімшелері мен жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді жасотандықтар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшілері, өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері, «Жас Ұлан» жасөспірімдер ұйымының белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – аға буын өкілдері мен жастар арасында байланыс орнату, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастарды еңбекке баулу.
Жиынды партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Әшімұлы Берік жүргізіп, Мұқаш Ескендіровтің ел дамуындағы еңбегі, атқарған абыройлы қызметі мен жұмыс жолы жайлы таныстырды.
Мұқаш Зұлқарнайұлы - 1982 жылы Шымкенттегі химия-технологиялық институтын бітірген соң Жамбылдағы химия зауытына ауысым шебері болып жұмысқа тұрған. Аянбай төккен тердің арқасында 10-15 жыл ішінде ауысым шеберінен цех бастығы, зауыт партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары қызметтік жолдарынан өткен. 1999 жылдан бастап Мұқаш Ескендіров осы күнге дейін республикадағы ең іргелі компанияның басшысы қызметін атқарып келеді. 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ескендіров Мұқаш Зұлқарнайұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Басқосу барысында М.Ескендіров өз кәсібінің қыр-сырын, еңбек жолында жеткен жетістіктерін сөз етіп, ерінбей еңбектенудің арқасында ғана жетістікке жетуге болатынын өскелең ұрпаққа баяндап берді. Еліміздің индустрияландыру саласын дамытуда жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзінің еңбек жолы мен жетістіктіктерге жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті, басынан өткен қызықты оқиғаларын баяндады. Болашақ мамандарды білімдерін шыңдауда аянбай еңбек етуге шақырды. Мұқаш Зұлқарнайұлы: «Алға қойған мақсатыңа, белгілі бір жетістікке жету үшін талмай еңбектену қажет. Жалқаулықтан арылып, іздену керек» деп жастарға кеңес берді.
«Болашақ» колледжінің студенті Нұрғиса Тұрғынбеков кездесуден керемет әсер алғанын, Мұқаш Ескендіровтің айтқан сөздерi жастарды қанаттандырғанын, дұрыс бағыт бергенін, алдағы арман-мақсаттарға қол жеткiзу үшiн сенiмдiлiктi арттырғанын айтты.
Сондай-ақ, студент жастар Қазақстанның Еңбек Еріне сан түрлі тақырыпта сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ойларын еркін жеткізген жастармен салиқалы әңгіме өрбіткен Еңбек Ері арасындағы кеш әсерлі де қызықты болды. Сонымен қатар, кездесу барысында Еңбек Ерінің қызметі, еңбек жолы туралы көркем фильм, слайд көрсетілді.
Мұқаш Зұлқайнарұлына «мәңгі жас болып, ел дамуына үлес қосуда жастарға үлгі бола беріңіз» деген ниетпен партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Уалихан Болатбек арнайы төсбелгі тақты. Елбасының сөздері жазылған «Избранные речи» атты кітапты сыйға тартты. Шара соңында жастар естелікке суретке түсті.