Жол түсіп, ұрпақ, Жұманға барсаң тегінде, бір соқпай кетпе, күмбезге сонау көрінген

Сараптама
26.06.2014, 11:34

 

     Жақында Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов атты ауылына жолымыз түсті. Ауыл исі аңқыған шаһарға бергісіз елді мекеннің сұлулығына тоймай, екі күн қатарынан бардық. Себебі ол ауыл емес, кейбір мықты аудан орталықтарынан, қалалардан да көрікті. Аз уақыттың ішінде туған аулын аяғынан тұрғызған жергілікті іскер азамат – Абзал Ералиев. Елдің ықыласына да бөленді, марапатсыз да қалмады. Ол «Құрмет» ордені, «Меценат» алтын медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен наградталған. Былтыр жыл соңында Қазақстанның Еңбек ері атағын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табыстады. Қандай құрметке болса да лайықты, ең бастысы халық риза. Себебі ол - атаның емес, адамның ұлы. Абзал Ералиев сияқты абзал азаматтардың елі үшін жасап жатқан ерлігін, еңбегін кеңірек насихаттау керек. Өйткені, өз әулетінің, руының ғана атын шығару үшін халықпен күресіп, қолындағы билігі мен қаржысының буына мас болып тыраштанатындар әлі де көп. ШҚО, Аягөз ауданына қарасты әйгілі Таңсықтан шыққан Тоқтархан Қожағапанов атты азаматты Қазақстан халқы соңғы үш жылда жақсы танып қалды... Оның кезінде кеңшар, ферма ғана басқарған әкесінің есімін шығару үшін исі қазаққа киелі Таңсықтың атын өзгертуге күш салып жүргені жайлы бұрын да айтылды, жазылды. Егер Ералиевтің абзал істерін жасаған болса, әкесінің атын шығару үшін тоқтамай халықпен күресіп жүрген Тоқтархандар Шығыс Қазақстан облысын Жұман деп өзгертуге ұмтылатын шығар... Мына мәселені ескерусіз қалдырсақ, «Жол түсіп, ұрпақ Жұманға барсаң тегінде» деп Мұқағалидің өлең жолдарын да өзгертіп жіберуі мүмкін жергілікті шонжарлар... Құлақ түріңіз, үн қосыңыз! Аягөздік ақсақал, қоғам қайраткері Амангелді Керімтаев шырылдап жүр. Әлеуметтік желілерге де қоғамнан қолдау бола ма деп тіркелген. Сол кісінің мына бір мақаласын ұсынуды жөн көрдік. Алдағы уақытта А. Керімтаевпен осы жөнінде кеңінен сұхбаттасатын боламыз.

Аягөзде «Ономастика туралы Заң» талаптары өрескел бұзылуда

     Қожағапанов Тоқтархан деген банкир Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.Сапарбаевтың ерекше құрметіне бөленген жан. Алақандай ауылда әкесі–Қожағапанов Жұманның есімімен аталатын Мәдениет Үйі, көше, анасы – Қожағапан келіні Көшжанның атымен аталатын мешіт үйі соның айқын белгісі. Мұны да місе тұтпай, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың мүрделері жатқан, Түркі әлемінің киелі мекені-Тарлаулы ауылын әкім-қаралардың көмегімен оны да әкесінің атына аударып алуға жан сала кірісіп жүр. Әкесі-Жұман кішігірім шаруашылықтар мен МТС директоры, қой фермасынының меңгерушісі ғана болған екен. Тоқтарханның өзі Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» атаныпты. Бұл атақ оған мектеп бітірген соң институтқа түсе алмай қалғанда бір жыл ғана жұмыс істегені үшін берілген бе екен? Бір жанұяның осынша «құрметке бөленуін» моральдық мешкейлік емес деп қалай атарсың? Тоғышарлықтың нағыз топас сықпыты да осы болар. Аягөзде атаққұмарлықтың, дарақылықтың, кенеусіз мақтанның аты озып тұр. «Ауданның құрметті азаматы» деген атақты үлестіруде аягөздіктер Қазақстанда бәйгенің алдын бермеуде. Лауазымы биік, қалтасы қалың ұлдың қарапайым әкесі көзі тірісінде түсінде де көрмейтін құрметке бөленетін болды. Ел ішінде «Атаңның атағы олқы болса Аягөзге бар» деген мазақ-мәтел пайда болды. Көпшілік наразылығын тудыратын кемшілік көп-ақ. Тарлаулы топырағынан қалса қазаққа, озса әлемге танымал тұлғалар жаралған. Үш бірдей министрдің кіндігі осы ауылда кесілген. Ондаған ғылым докторлары түлеп ұшқан мекен. Медицина бойынша дүние жүзіне мәшһүр екі бірдей ғылыми-зерттеу институттардың ірге тасын қалағандар осы Тарлаулы перзенттері. Солардың бір де бірінің есімін еншілеген бір де бір көше немесе нысан жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын көше және елді мекен атауын өзгертуге мораторий жарияланған еді. Өйткені, сол кезде есімін жалпақ ел тұрғай, көрші қолаңдары да әрең-әрең білетін әлдекімдердің аттарын нысандарға беру жиілеп кетіп, қоғамның наразылығын тудырған еді. Елбасының: Көкесі үлкеннің көше атын, қалтасы қалыңның ауыл атын иемденетінін сынаған ескертпесіне елең етпегендер болған. Содан барып, «Ономастика туралы» заңға түбегейлі толықтыру мен өзгерту енгізу үшін зерттеу жүргізілді. Заңның кемшін тұстары анықталып, кейбір баптар қатаңдатылды. Келеңсіз, негізсіз берілген атауларды реттеуде осы құжат негізгі тетік болу керек еді. Алайда Заңды белден басуды әдетке айналдырып алған Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөз ауданының әкімдері «Ономастика туралы Заң» талаптарына да пысқырып қарамайтын ескі әдетінен айнымауда. «Ономастика туралы Заңның» 25-бабында Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайға, порттарға, вокзалдарға, теміржол, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға жеке адамдар есімін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері анықталған болатын. Ол бойынша тек Қазақстан Республикасының алдындағы сіңірген еңбегі үшін кентке, ауылдық округке, ауылға жеке адамның атын беруге негіз бола алмайды. Жеке тұлғаның еңбегі өз бағасын Халықаралық қауымдастық алдында алу керетігі тұжырымдалған. Жеке адамның Халықаралық қауымдастық пен Қазақстан Республикасының алдында сіңірген еңбегіне Заңмен шектеу қойылған. Халықаралық қауымдастық алдында тұлғаның еңбегі қай салада танылса, сол сала арқылы бағаланары белгіленген. Тұлғаның халықаралық қауымдастық пен Қазақстан Республикасы алдында сіңірген еңбегін бағалау Б.Сапарбаев пен Аягөздің әкімі Н.Нұрғалиевтың тәп-тәпел, бәкене өресімен өлшенбесі анық.

 

Сұхбат

PhotoRoom