Бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» партиясын қолдаушылар форумы еліміздің әр түкпірінен келген 3 мыңға жуық адамның басын қосты. Саяси додада салмағы сараланған ұйым өз үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатты. Осы аралық ішінде партия жақтастары мыңдаған кездесулер өткізіп, тыңға түрен салған тақырыптардың бүге-шүгесін талқылады, - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Бүгін үгіт-насихат компаниясының соңғы күні. «Нұр Отандықтар» атаулы күнге ерекше екпін беріп, есте қаларлықтай етіп өткізді. Бұл партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын үгіттеп, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарған жақтастарға көрсетілген құрметі.
«Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бізге сайлауалды бағдарламаны әрбір сайлаушыға жеткізу міндетін тапсырған болатын. Біз бұл тапсырманы орындадық деп айта аламыз. Еліміздің барлық өңірлерінде, әрбір елді-мекенінде 400 мыңнан астам кездесу өткізіп, сайлаушылардың қолдауын көрдік. Сондықтан, Біз жеңіске жететінімізге сенімдіміз!», - деп атап өтті «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Асқар Мырзахметов.
«Нұр Отан» партиясын қолдаушылар форумының қорытынды жиыны барлық сән-салтанатқа лайық өтті. Жиынға қатысушылар саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған гимн - «Елім менің» әнін шырқап, ерекше ыстық ықыласпен тарқасты.