Н.Назарбаев: БҰҰ-ның Семей аймағын дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламасын оң бағалаймыз

Жаңалықтар
15.03.2016, 18:45

Қазақстан БҰҰ-ның Семей аймағын дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламасын оң бағалайды. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар мемлекет елшілерінің сенім грамоталарын қабылдау рәсімі барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

«БҰҰ Даму бағдарламасының өзара іс-қимылы үш векторды қамтиды. Оны Қазақстан қолдайды. БҰҰ-ның Семей аймағын дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламасын оң бағалаймыз», - деп атап өтті Елбасы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Израиль мемлекетінің елшісі Михаил Бродский, Өзбекстан елшісі Икром Назаров, Әзірбайжан елшісі Рашад Эйнаддин Оглу Маммадов, Таиланд корольдігінің елшісі Нат Пиньоваттаначиптен сенім грамотасын қабылдады.

«Бұл тарихи тұрғыдан қысқа кезең біздің еліміз үшін ауқымды өзгерістердің дәуіріне айналды. Мемлекеттілікті нығайту, заманауи нарықтық экономика құру, қоғамды жаңғырту жөнінде орасан зор жұмыс атқарылғанын білесіздер. Бүгінде біздің елдің басты сипаттары – саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық келісім, халықаралық істердегі сенімділік пен жауаптылық, тиімді әлеуметтік-экономикалық өзгерістер», - деген Елбасы елшілерді Астанадағы дипломатиялық жұмысының басталуымен құттықтады.

«Бұл біздің елдеріміздегі үлкен мереке болып саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында болып отыр. Осы Наурыз мерекесімен барлығыңызды құттықтаймын. Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша арттыра түсуге бағытталады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom