Кеше жұрт «Алматы-2» темір жол бекетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» пойызы жалпы республикалық акциясына қатысушыларды салтанатпен қарсы алды. 15 ақпан – 18 наурыз аралығында еліміздегі 33 елді-мекенде өз жұмысын жүргізген «Мәңгілік Ел» пойызы соңғы аялдама – Алматы қаласына келіп тоқтады.
Әлеуметтік ауқымды акция қазақстандықтарға бес институционалды реформаның жүзеге асуын түсіндіру, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын танымал ету, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізу, тұрғындарға медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызметтер мен кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бойынша кеңестер өткізу мақсатын көздеді. Ауқымды акцияның қатысушыларын қарсы алу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков бір ай көлемінде алыс аймақтардағы мыңдаған тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетілгендігін атап өтті.
– Аталған акция Қазақстан халқының нығая түсуіне және бірігуіне септігін тигізеді. Тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімді басты құндылық деп санайтын халық үшін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы рухани тірек болып табылады, – деді Румиль Тауфиков.
Делегация құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және медицина қызметкерлері кірді.
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылында мемлекетіміз мерейлі жетістіктерге қол жеткізді. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірін аралаған акция қатысушылары жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді анықтап, «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі құндылықтарын түсіндірдік. 11 мың шақырымды артқа тастап, 55 мыңға жуық адам қабылдадық, оның ішінде 13 мың адам жоғары дәрежелі мамандардан медициналық кеңес алды, – деді пойыз делегациясының мүшесі, жазушы, ғалым Әміржан Әлпейісов.
Акцияға 100-ден астам дәрігер қатысты
«Достық үйінде» өткен жиында «Мәңгілік Ел» пойызы жалпыреспубликалық акциясының қорытындылары жасалды. Ізгі шараның қатысушыларының мәліметінше, акцияға экспедиция барысында 300 адам қатысқан, олардың 60 пайызын медицина қызметкерлері құраған.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің стационарлық медициналық қызмет басқармасының басшысы Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, акцияда Астана мен Алматы қалаларындағы медицина орталықтарының терапевт, кардиолог, травматолог, эндокринолог, ортопед тәрізді 100-ден аса мамандары қатысты.
– Сапар барысында күнделікті қабылдаулар өткіздік. Біздің мамандарымыз шет елдерде тәжірибеден өткен. Консультация кезінде кардиологиялық, неврологиялық аурулар бойынша диагноздар қойылды. Әрбір аймақта жергілікті аумаққа тән аурулар анықталды. Мысалы, шығыс пен солтүстікте қатерлі аурулар анықталса, батыс пен оңтүстікте демографиялық өсуге байланысты тұрғындар балалар травматологы мен эндокринологына көп жүгінді, – деді Нұрлан Қыдырбаев.
Аталған акцияның біркүндік емес екендігін атап өткен ол ізгі шараның әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді. Медициналық тексерістен өткен науқастарға нұсқаулар беріліп, әрі қарай медицина орталықтарына ем қабылдауларына жіберілді.
Басқосу барысында Нұрлан Қыдырбаев Алматы қаласындағы шарапатты шараның барысымен таныстырды.
– Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жаңа – Алатау және Наурызбай аудандарын таңдады. Аталған аудан тұрғындарына №29 емханада жоғары деңгейлі дәрігерлердің көмегіне зәру науқастарға медициналық көмек көрсетілді, – деді ол.
Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, пойыз әлеуметтік жұмыс атқарады, сондықтан, оны әлеуметтік деп атауға болады.
– Бір айдың ішінде «Мәңгілік Ел» пойызы біздің үйімізге айналды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ел-жұрт бізді құшақ жая қарсы алды. Байтақ елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері балабақшаны мемлекеттік тілге көшіруге байланысты өздерінің ұсыныстарын білдірді. Сапар барысында алыстағы ауылдарда тұратын ақсақалдардың Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясымен жақсы таныс екендігіне көз жеткіздік. Біз барған жерлерде кітапханаларда кездесу ұйымдастырдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен жарыққа шыққан Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан тарихына, этникалық-мәдени орталықтардың тарихына байланысты кітаптарды кітапханаларға сыйға тарттық, – деді Әміржан Әлпейісов.
almaty-akshamy.kz