Елбасы азаматтық таңдауын жасады

Жаңалықтар
20.03.2016, 19:04

Мемлекет басшысы сайлауға қатысу арқылы миллиондаған қазақстандықтар сияқты өзінің конституциялық құқығы мен азаматтық борышын жүзеге асырғанын атап өтті.

– Мәжіліс және жергілікті өкілді билік органдарының бүгінгі сайлауы –Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы өте маңызды кезең. Қазақстанда және әлем бойынша елдің 9 миллионнан астам азаматы 9900-дей сайлау учаскесінде дауыс береді. Кезектен тыс сайлау қазір өміріміздің барлық саласында жаңару жүріп жатқанын сезінген ел Парламентінің бастамасымен өткізіліп отыр. Біз дағдарыс үрдістерін еңсереміз, бұл үшін дайындығы бар және істі білетін жаңа депутаттар қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ел азаматтарының сайлаудағы белсенділігін де атап өтті.

– Бүгін ертемен қазақстандықтар отбасыларымен, балаларымен учаскелерге келіп, дауыс беруге белсене қатысуда. Бұл азаматтарымыздың билікке, соның ішінде заң шығарушы билікке деген сенімін білдіреді. Біз бүгін елімізге қажетті Парламентті сайлайтынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті отандық және шетелдік БАҚ-қа арналған брифингте бірқатар сауалдарға жауап берді. Мәселен, Мемлекет басшысы атқарушы органдардың өкілді билік алдындағы есептілігін жүзеге асыру тетіктері туралы айтып берді.

– Заңнамаға сәйкес, үкіметтің жұмысын, соның ішінде бюджет қаражатының шығыстарын бақылау үшін Парламенттің барлық өкілеттігі бар. Сондай-ақ заң қабылданғаннан кейін Парламент сол нормалардың іске асырылуын қадағалауы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті саяси жүйенің ықтимал өзгерісі ел Конституциясымен тікелей байланысты болатынын айтты.

– Негізгі заңды референдумда халық қабылдады, қажет жағдайда өзгерісті де халық қабылдайды. Әңгіме билікті Президент, Парламент және Үкімет арасында бөлуге байланысты болуы мүмкін. Бұл өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалға байланысты болады. Халық қаласа, біз мұны жақсылап ойланатын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы атқарушы билікте болуы мүмкін өзгеріс туралы да ойын білдірді.

– Үкіметтің былтыр Президент сайлауынан кейін өзгергенін еске салғым келеді. Оның қазіргі құрамы  дағдарысқа қарсы бағдарламаларды және бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі заңдарды әзірледі, қазір сол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Үкіметтің құрамы сауатты іріктелген деп санаймын. Онда білімді, жас, шетел тілдерін меңгерген, өз ісінің білгірлері жұмыс істейді. Бастаған жұмысын оларға соңына дейін жеткізуге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

 

Сұхбат

PhotoRoom