Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Соған орай, депутаттар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
Үшінші сессия барысында Парламентпен 104 заң қабылданып, аталған құжаттардың сексенге жуығына Мемлекет басшысының қолы қойылып, күшіне енген. Парламент қабылдаған заңнамалардың негізгі бөлігі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында жүктелген міндеттерді заңнамалық қолдауға бағытталды. Экономикалық интеграцияны қарқынды етуге, мемлекеттермен өзара байланысты нығайтуға, халықаралық құқықтық кеңістікке кірігуге бағытталған бірқатар халықаралық келісімдер де ратификациядан өтті. Бұлардың барлығы тұтастай мемлекеттің беделін арттыруға, халқымыздың өмір сүру сапасын көтеруге, ел экономикасының даму әлеуетін үдетуге бағытталды.
Сессияны қорытындылап бірлескен отырыста баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын табысты өтті деп мәлімдеп, заң шығармашылығының жұмысына атсалысқандарға алғысын жеткізді. «Алдағы уақытта да депутаттық корпус өз күшін әділ заңдар қабылдауға жұмылдырады деп сенемін», деді ол.