Соңғы саяси маусымдағы «Нұр Отанның» қоғамдық қызметі

Сараптама
30.06.2014, 15:11

 

Парламенттен орын алған және қолы жетпеген партияларымыз биылғы саяси маусымда несімен есте қалды? Қоғамдық-саяси жұмыстармен қаншалықты айналысқанына үңіліп көрген едік. Бүгін билік партиясы «Нұр Отанның» саяси маусымды қалай өткізгенін саралаймыз.

Бұған дейін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы атанып келген саяси құрылымда биыл біршама өзгерістер болды. Биыл дегеніміз – қыркүйек пен шілде арасындағы саяси маусым. 2013 жылдың наурыз айында партия төрағасының Бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек саяси маусымға үлкен дайындықпен кірісті. Президент әрі партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен съез өткізді. Осы съезде партияның жаңа саяси доктринасы қабылданды. Ребрендинг болды, халықтық-демократиялық деген анықтауышы алынып, «Нұр Отан» партиясы атанды.

Ұлт өнері айтыстың тұрақты ұйымдастырушысына айналды. Орташа есеппен әр екі ай сайын айтыс ұйымдастырып, ақындарға қомақты жүлде тағайындайды.

Ұлттық спорт түрінің барлық шаралары осы «Нұр Отанның» қолдауынсыз өтпейтін болды. Партия қайда болса, ұлттық спорт сонда. Көкпар, аударыспақ дейсіз бе, бәрінде «Нұр Отанның» қолтаңбасы бар.

Жастарды ерікті түрде ұйыстырған «Жайдарман» көңілді тапқырлардың ойынына да араласты. Қазақстан КВН одағы расында саны бар, сапасы жоқ жастар ұйымынан әлдеқайда қуатты. Жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Партия мен жастар қанаты Есен Елеукенмен тіл табысуды жөн деп шешті. Бұдан КВН одағы ұтты ма, ұтылды ма білмейміз, партия ұтылған жоқ. Жастарға жақындай түсті.

Шетелдік кинолар мен мультфильмдерді қазақшалауда да «Нұр Отанның» «құлағы» қылтияды. Әрине қуанарлық жағдай.

Кеше ғана халық көп жиналатын қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» турнирінде партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек сөз сөйледі. Бұл да партияны халық есінен шығармайтын шаралар.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту туралы тапсырманы да тастай етіп орындадық деп отыр.

Ең бастысы жақында Бауыржан Байбекті Елбасы қабылдап, осы жағдайлар жайында орынбасарының есебін тыңдады. Партияға жаңа тапсырмалар жүктелді. Оны келесі саяси маусымда көре жатармыз.

«Нұр Отан» партиясы Парламенттен тыс осындай жұмыстарымен есте қалды.

 

Тегтер:
Нұр Отан

Сұхбат

PhotoRoom