Элвин Тоффлер. Болашақтың соққысы

Рейтинг
08.07.2014, 12:18

 

Сіз таңертең оянғаныңызда ұзақ жылдардан бері өмір сүріп келе жатқан әлеміңіздің өзгергенін көресіз. Үйреншікті болған жайттың бәрі өте аз уақыт ішінде мүлдем өзгеріп кеткен. Айталық, өткен жылы ғана осы күн ұлы мереке саналатын. Сіз көгілдір экран алдында отырып, мерекелік шеруді тамашалағансыз. Достарыңыз қоңырау шалып, түрлі-түсті құттықтау хаттарын алғансыз. Бұл күн сіз үшін әлі де мереке саналады. Бірақ ешкім қоңырау шалып, құттықтаған жоқ.Мереке сырттай қараған адамға ғана өмір сүріп тұрған сияқты. Ал, іс жүзінде ешкім тойламайды. Онда оның керегі не?

Сіз дүкенге барып, ондағы бағаның шарықтап кеткеніне қайран қаласыз. Жоқ, бүгінгі күннің мереке емес екендігіне көндігуге болар, ал мұндай бағаға!.. Кім ойлаған, пияздың бір бумасы... Немесе вазелиннің бір құтысы... Шамасы, алда бұдан да көп сынақтар бар болғандықтан, келісу керек те шығар. Бірақ жаныңыз мұндай өзгерістерге бой үйретіп үлгермейді. Әлем сізге дұшпан секілді көрініп, түсініксіздігімен үрейлендіреді...

Өзі мекен ететін кеңістігі кенеттен тарылып кеткенін сезген қасқыр инфаркт алады екен. Ал, кенеттен өзге ұлт өкілдері жайғасқандықтан көрші ауданға бара алмайтынын білген адамға не болуы мүмкін? Барлық құндылықтар бірден өзгеріп кетті. Мұғалім кей кездері балаларға не айтарын білмейді – уақыт өзгерген. Ғалым қоғамдық дәрежесін жоғалтқанына қынжылады. Сәл уақыт бұрынғы болашағы бар мекеменің қызметкері күтпеген жерден жұмыссыз қалады. Үш рет марапатталған қызыл шырайлы директор өз орныма қайтып келетін шығармын деп үміттенеді. Алайда, үміттің өзі түгесіліп барады...

Адамзат баласы – өзінің әсер етуі жағынан қатерлі дертке тең, бұрын байқалмаған психологиялық күйге душар болып отыр. Бұл ауру – «футурошок», яғни «болашақтың соққысы» деп аталады. Адамзат – жер асты байлығының түгесілгендігінен, атом энергиясы бақылаудан шығып кеткендіктен немесе табиғаттың бұзылуынан өлмеуі мүмкін. Олар психологиялық ауырлықты көтере алмағандықтан өледі...

Бұл – басына өзгерістер селі төнген кезде адамдар қандай күйге тап болатыны жайлы, яғни, біз болашаққа қалай үйренісеміз немесе үйреніспейтініміз туралы кітап. Болашақ туралы көп жазылды. Менің болашақ әлем туралы жазылған көптеген кітаптарымда қатқыл сарын басым. Ал бұл беттер ертеңгі күннің жұмсақ жағына арналған. Бұған қоса бұл кітап – біз ертеңгі күнге қалай бара жатқандығымыз туралы баяндайды. Достық пен отбасылық өмірдің болашағы зерттеледі. Түрлі жаңа бұқаралық мәдениеттер мен өмір сүру дағдылары қарастырылады. Кітаптағы секілді, өмірде де мұның бәрін қазіргі кездегі ең күшті өзгерістер тасқыны біріктіреді. Бұл тасқын дәстүрлі институттарды төңкеріп, құндылықтарды қозғалтып, тамырымызды құрғатады. Өзгеріс – біздің өмірімізге болашақты енгізетін процесс. Сондықтан оған тек ұлы тарихи көрініс деп қана қарамай, оны сезінетін, өмір сүріп отырған тұлғалар тарапынан да мұқият қарау маңызды. Біздің уақытымызда өзгерістердің шапшаңдауы – өзінше бір апатты күшке айналып отыр. Бұл күштің өзіндік психологиялық, сондай-ақ әлеуметтік зардаптары бар. Кітап – егер де адам өз ісіндегі және тұтас қоғамдағы өзгерістердің жылдамдығын бақылауға алуды тез үйренбейтін болса, жаппай бейімділік кері кететінін сенімді түрде дәлелдейді.

1965 жылы «Horizon» басылымында жарияланған мақаламда мен –тұлғалардың бойында өте аз уақыт ішінде аса үлкен өзгеріс тудыратын бүлдіруші стресс пен бағыттан адасушылықты бейнелеу үшін, алғаш рет «болашақтың соққысы» деген терминді қолдандым. Бұл идеяға құмартқандықтан, келесі бес жылымды университеттерге, зерттеу орталықтарына, зертханалар мен үкіметтік агенттіктерге барумен, сансыз мақалалар мен ғылыми баяндамаларды оқумен, болашақ пен өзгерістердің түрлі аспектілерімен айналысатын жүздеген сарапшылармен әңгімелесумен өткіздім. Нобель сыйлығының иегерлері, хиппилер, психиатрлар, дәрігерлер, бизнесмендер, кәсіби футурологтар, философтар және білім саласындағы мамандар — «өзгеріске», «бейімделуге» қатысты өз пікірлерін, болашаққа қатысты үрейлерін білдірді. Осы тәжірибенің арқасында мен өзімді мазалаған жайттың екі қорытындысын шығардым.

Біріншіден, «болашақтың соққысы» – болар-болмас әлеуетті қауіп емес, ересек адамдардың барлығы ауыратын нақты дерт екендігі белгілі болды. Бұл психобиологиялық күйді медициналық, психиатрлық терминдермен түсіндіруге болады. Бұл – өзгерістің ауруы.

Екіншіден, мен – қоғамды кең көлемді өзгеріске шақырып, бізді сол «өзгеріске дайындайтындардың» іс жүзінде бейімделгіштік туралы өте аз білетіндіктеріне көзім жеткенде абыржитын болдым. Салмақты зияткерлер «өзгеріске бағытталған білім» немесе «адамдарды болашаққа даярлау» туралы батыл атқан болады. Бірақ, шынына келгенде, біз мұны қалай жүзеге асыру керектігі туралы түк те білмейміз. Жылдам өзгеріп жатқан қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, бұл проблемалардың шешімін таба алмаймыз.

Қазіргі психологтар мен саясаткерлер өзгеріске деген кейбір тұлғалар мен топтар көрсететін сыртқы иррационалды қарсылықтарға абдырап қалады. Бөлімді қайта жасақтағысы келген корпорация басшысы, жаңа әдіс қолданғысы келген оқытушы, өз қаласындағы бейбіт нәсілдік интеграцияға ұмтылған мэр – барлығы да осындай іштей қарсылыққа тап болады. Қалай десек те, біз мұның қайдан шыққаны туралы аз білеміз.

Мұндай жағдайда бұл кітаптың мақсаты – болашақпен келісімге келуге жәрдемдесу. Яғни, біздің түсінігімізді тереңдете отырып, жеке және әлеуметтік өзгерістердің барлығына да өзгелер секілді жауап қата білуге көмектесу. Осыдан барып бұдан бейімділіктің жаңа, жалпы теориясы шығады.

Ол сондай-ақ жиі байқала бермейтін, бірақ маңызды айырмашылыққа назар аударады. «Өзгерістің әсері» саласындағы зерттеулерде басымдық –өзгерістің жылдамдығына емес, сол өзгеріс бізді қайда апарады дегенге көбірек беріледі. Ал бұл кітапта мен өзгерістің жылдамдығы – оның бағытына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ екендігін көрсетуге тырысамын. Бұл факт мойындалмаса, бейімділікті тану талпынысының ешқайсысы жемісті бола алмайды. Өзгерістің мазмұнын айқындайтын кез-келген әрекет осыны басшылыққа алуы керек.

Уильям Огберн өзінің атақты «мәдени артта қалушылық» теориясымен қоғамның түрлі бөлігінде орын алатын өзгерістің теңеспеген жылдамдығынан әлеуметтік стресстің қалай туатынын көрсетіп берді. Болашақтың соққысының тұжырымдамасы мен одан шығатын бейімділік теориясы – түрлі бөліктегі өзгерістердің жылдамдығы арасында ғана емес, орта өзгерісінің жылдамдығы мен адамзат әсерінің шектелген жылдамдығы арасында да тепе-теңдік болу міндетті екендігін айқын дәлелдейді. Өйтпеген күнде, болашақ соққысының себебі – олардың арасындағы ұлғайған жікке айналары сөзсіз.

ХХІ ғасырда миллиондаған қарапайым, жүйке жүйесі қалыпты адамдар болашақпен шапшаң қақтығысқа түседі. Әлемдегі ең бай және техникалық дамыған елдердің азаматы болған олардың көбісі – біздің заманымызға тән өзгерістердің талаптарына үлкен еңбекпен ілесіп отырады. Олар үшін болашақ өте тез келеді.

Батыс қоғамы соңғы үш жүз жылда өзгеріс тасқынының астында қалды. Бұл тасқын қазір күш жинап жатқанға ұқсайды. Ол сөйтіп өзгерістер жоғары дамыған елдер арқылы айтарлықтай ықпал ететін болады. Сондай-ақ, олар (өзгерістер) он екі жасында балаға ересек адамға ұқсайтын балалар секілді, елу жасында он екі жасар баладай болып көрінетін ересек адамдар сияқты таңқаларлық жандарды дүниеге әкелді.

Қазір бізге қол жетпейтін болып көрінетін нәрсенің көбісі – шындық кейде калейдоскоп секілді болып көрінетін өзгерістердің жылдамдығымен қарасақ, түкке тұрмай қалар еді. Өйткені, өзгерістердің шапшаңдауы тек өндіріс пен елдерге ғана соққы болмайды. Бұл – біздің жеке өмірімізге тереңдей еніп, рухани тепе-теңдігімізді бұзып, психологиялық ауруға ұшыратып, жаңа қауіппен бетпе-бет келтіріп, жаңа бір рөлде ойнауға мәжбүр ететін нақты күш. Бұл жаңа ауруды «болашақтың соққысы» деп атауға болады. Оның белгілері мен себептерін білу көп нәрсені түсінуге көмектеседі.

«Болашақтың соққысы» терминіне параллель «мәдениеттің соққысы» термині де жалпы қолданысқа ене бастады. Мәдениеттің соққысы – ештеңеден бейқам саяхатшы жаңа бір жерге келіп түскенде, сол жердегі өзге мәдениеттің саяхатшыға ететін ықпалы. (Ғаламдық Корпустың еріктілері бұл ықпалды Борнео мен Бразилияда сезінген. Марко Поло да бұдан Катаиде зардап шеккен болса керек). Яғни мәдениеттің соққысы – саяхатшы кенеттен «иә» деген сөз «жоқ» дегенді білдіретін, келісілген бағаның айналасында келіссөздер жүргізілетін, қабылдау бөлмесінде күту қорлық болып есептелмейтін, күлкі – ашуды білдіретін жерге тап болғанда бастан кешетін күй. Бұл соққы қарым-қатынастарға сызат түсіріп, жағдайды еркіне бағындырудан айырып, ақиқатты қате түсінуге алып келеді. Соған қарамастан, «мәдениеттің соққысы» өзіне қарағанда салмақты дерт «болашақтың соққысына» қарағанда әлдеқайда «жұмсағырақ». «Болашақтың соққысы» – бас айналдырарлық адасуға бастайтын, болашақтың мерзімінен бұрын келу оқиғасы. Ол ертеңгі күннің ең қатерлі ауруы болуы әбден мүмкін.

Сіз болашақтың соққысын «Index Medicus-тан» немесе қандай да бір психологиялық ауытқулардың анықтамалығынан таба алмайсыз. Бірақ, онымен күресуде оңтайлы қадамдар жасалмаса, миллиондаған адамдар жоғары дәрежеде бағыттарынан адасып, өз орталарымен тиімді байланыс жасауға қабілетсіз бола бермек. Егер біз түсініп, бұл дертті емдемесек қазіргі өмірден көріп отырғанымыздай, келешек өмірімізде бетпе-бет келетініміз – қанағаттанбаушылық, жаппай жүйке ауруы, тиімсіздік пен кеңінен қанат жайған зорлық-зомбылық болады.

Болашақтың соққысы – қоғамдағы өте жылдамдап бара жатқан өзгеріс қарқынының өнімі. Ол ескі мәдениетке жаңа мәдениетті әкеліп таңғанда туындайды. Былай қарағанда мәдениеттің соққысына келіңкірейді. Бірақ оған қарағанда әлдеқайда жаман. Өйткені, ғаламдық Корпустың қатысушылары (ескі саяхатшылардың көпшілігі) өздері шыққан мәдениет олар ол жерге қайта оралғанда да өмір сүріп тұратынын біледі. Ал болашақтың соққысына ұшыраған адам мұны білмейді.

Тұлғаны өз мәдениетінің тамырынан айырып, кенеттен өз ортасынан уақыт, кеңістік, еңбек, махаббат, төсек қатынасы, дін және басқа да құндылықтар жөніндегі түсінігі айтарлықтай өзгеше ортаға орналастырып, өзіне біршама таныс әлеуметтік көрінісін қайта көруге деген үмітін үзсеңіз, оның орын ауыстырғандағы қайғы-қасіреті еселене түспек. Мұның үстіне бұл жаңа мәдениеттің өзі тұрақты хаоста болатын болып, ең жаманы – оның құндылықтары тоқтаусыз өзгеріп отыратын болса, шатасу сезімі одан әрі күшейе бермек.

Енді тек жеке тұлға ғана емес, тұтас қоғам, өзінің ең әлсіз, әлдеқайда ақылсыз, әлдеқайда ақылға сыйымсыз мүшелерімен қоса тұтас бір ұрпақ осы бір жаңа өмірге өтіп кетті делік. Сонда не болады дейсіз ғой? Нәтижесінде – жаппай шатасушылық, кең көлемдегі болашақтың соққысы болмақ.

Міне адам баласының алдынан ашылып отырған келешектің көрінісі осындай. Өзгерістер бізді қар көшкініндей басып қалайын деп тұр, ал ең сорақысы адамдардың көпшілігінде онымен күресетін дәрмен жоқ...

...Супериндустриалды қоғамға аяқ басқан кезде біз жылдамдық процесін сараптап, уақытшалық түсінігін қарастыруға тиістіміз. Егер жылдамдық жаңа әлеуметтік күш болса, уақытшалық – оның психологиялық параллелі. Қазіргі адамның мінез құлқындағы оның рөлін түсінбейінше, біздің барлық жеке теориямыз бен психологиямыз қазіргі заманғы талаптарға жауап бере алмайды. Психология – уақытшалық түсінігінсіз аса маңызды құбылыстармен санаса алмайды. Өзімізді қоршаған ортаға деген қарым-қатынасымызды өзгерте отырып, өзгерістердің қанатын кеңге жайып, олардың қарқынын жылдамдата келіп біз өткенімізбен ат құйрығын бір-ақ кесістік. Біз ойлау жүйесінің, қабылдаудың, бейімделудің ескі әдістерінен өзімізді бөліп алдық. Біз сахнаны өте жаңа қоғамға босатып, енді соған ұмтылып жатырмыз. Бұл адамның бейімделуге мүмкіндігі туралы сұрақ туғызады: ол бұл жаңа қоғамда қалай өмір сүреді? Ол қоғамның бұйрықтарына көндіге ала ма? Көндіге алмаған күнде, оны өзгерте ала ма?

Бұл сұрақтарға жауап беруге тырыспастан бұрын, бір-бірімен тығыз байланысты жылдамдық және уақытшалық деген екі күшке баса назар аударғанымыз жөн. Біз олардың біздің өміріміз бен психологиямыздан жаңа, бейтаныс формаларды жасай отырып, өмір сүрудің түрін қалай өзгертетінін білуіміз керек. Біз олардың қалай және неге бізді өмірде бірінші рет жарылыстық әлеуеті бар болашақтың соққысымен бетпе-бет қойып отырғандығын түсінуіміз қажет.

Өзгерістердің шапшаң жүріп жатқандығын қайдан білеміз? Себебі, өзгерістерді өлшейтін арнайы тәсіл жоқ қой. Құрылымы үрей туғызатын ғаламда өзгерістердің есепсіз легі бір уақытта болады. Көзге көрінбейтін вирустан бастап, алып галактикаға дейінгі барлық «заттар» – негізінде заттар емес, процесстер. Өзгерісті өлшейтін қозғалмайтын нүкте жоқ. Ендеше өзгеріс дегеніміз жай салыстырмалы түрде ғана. Сондай-ақ, өзгеріс тең өлшемді де емес. Егер де барлық процестер бірдей жылдамдықпен шапшаңдап немесе баяуласа, өзгерісті бақылау мүмкін болмас еді. Алайда, болашақ – қазіргі шаққа әртүрлі жылдамдықпен келеді. Мұндай жағдайда түрлі процестердің жылдамдығын олардың өрістеуіне қарап салыстыруға болады. Мысалы, біз биологиялық эволюцияға қарағанда, мәдени және әлеуметтік эволюция өте жылдам жүретінінен хабардармыз.

Сол іспетті кейбір қоғамдардың өзгелерге қарағанда технологиялық және экономикалық жағынан жылдам ауысатынымен де таныспыз. Сондай-ақ біз сол қоғамның түрлі салалары өзгерудің әр басқа жылдамдығын көрсететінін, оны Уильям Огберн «мәдени артта қалушылық» деп атағанын да білеміз. Өзгерістің дәл сол олпы-солпы сипаты ғана оны өлшеуге мүмкіндік береді.

Алайда бізге аса қатты айырмашылықтары бар процесстерді салыстыру үшін бір белгі керек болады. Ол белгі – уақыт болмақ. Уақытсыз өзгерістің мағынасы жоқ. Және уақытта өзгеріс болмаса тоқтап қалған болар еді. Уақытты оқиғалар өтетін аралық өлшем деп алсақ болады. Ақшаның алманы, апельсинді бағалауға мүмкіндік бергені секілді, уақыт та бізге ұқсас емес процесстерді салыстыру мүмкіндігін ұсынады.

Жер бетінің тұрғындары нәсілдік, діни және идеологиялық белгілеріне қарай ғана емес, кей жағдайда уақытқа қарай да бөлінеді. Жер шарының қазіргі халқын зерттей отырып біз – мың жыл бұрынғыдай аңшылық және терімшілікпен күн көретін аздаған топтардың барына көз жеткіземіз. Өзге көпшілігі аю аулау мен жеміс-жидек теруге емес, ауыл шаруашылығына сүйенеді. Көбінесе жүздеген жылдар бұрынғы аталары қалай өмір сүрген болса, олар да солай өмір сүреді. Осы екі топ қосылып жер планетасы тұрғындарының 70 пайызын құрайды. Бұлар – өткен өмірдің адамдары.

Жер халқының 25 пайыздан астамы өндірістік дамыған елдерде ғұмыр кешеді. Олар қазіргі заман талабына сай өмір сүреді. Оларды жаппай білім алған ХХ ғасырдың бірінші өнімі деуге болады. Яғни, қазіргі уақыттың адамы.

Планетамыздың халқының қалған 2-3 пайызын өткен өмірдің адамына, не болмаса қазіргі уақыттың адамына жатқыза алмайсың. Өйткені, мәдени және технологиялық өзгерістердің басты орталықтары Санта-Моникада (Калифорния), Кембриджде (Массачусетс), Нью-Йоркте, Лондон мен Токиода өмір сүріп жатқан миллиондаған еркектер мен әйелдерді болашақта өмір сүріп жатыр деп айтуға болады. Бұлар өздері байқамастан өзгелердің ертең сүретін өмірін қазір сүріп жатыр. Олар қазір жер шарының бар болғаны бірнеше пайызын құрағанымен, болашақтың халықаралық ұлтының құрамын жасақтап жатыр. Олар супериндустриалды қоғамның азабында дүниеге келіп жатқан алғашқы әлемдік азаматтар, адамзаттың барлаушылары.

Оларды өзгелерден не ерекшелендіреді? Әрине олар көпшілікке қарағанда байырақ, сауатты, жинақы. Сондай-ақ олар көп жасайды. Бірақ болашақтың адамдарын ерекшелейтін негізгі белгі – олардың жаңа, шапшаңдатылған өмірдің қарқынына түскендігі. Олар айналасындағы өзгелерге қарағанда «жылдамырақ өмір сүреді». Кейбіреулері осындай жоғары жылдамдықты өмірдің қарқынына тәуелді. Олар үнемі сол күйде жүргенді қалайды және бұл қарқын баяуласа алаңдап, жайсыздықты сезінеді не болмаса ауасы тарылып, қысылғандай күй кешеді.

Әлеуметтік және психологиялық өзгерістер турасындағы біздің теориялық ой-пікірлеріміздің көп бөлігі – салыстырмалы түрде орнықты қоғамдағы адамның шын бейнесін бере алғанымен, шынайы, қазіргі қоғамдағы адамның бейнесі – өткен өмірдің, осы уақыттың, болашақтың адамының арасындағы негізгі айырмашылық есепке алынбайтындықтан бұрмаланған, әрі толық емес. Бұл айырмашылық «уақытшалық» деген ұғыммен бағаланады.

Уақытшалық – күнделікті өмірдегі жаңа «қысқалық». Ол тұрақсыздық сезімін тудырады. Философтар мен дінтанушылар адамның тұрақсыз екенін әрқашан есте ұстап отырғаны даусыз. Осы ұлы ұғымда уақытшалық үнемі өмірдің бөлігі болған. Бірақ қазір тұрақсыздық сезімі әлдеқайда өткір де, терең.

Біз «болашақтың соққысы» деп атаған нәрсені тоқтатып, өмір сүру үшін, тұлға бұрынғыға қарағанда шексіз бейімделгіш және білгіш болуы керек. Оған бұдан құтылудың мүлдем жаңа тәсілдерін іздеген жөн. Олай болмаған күнде оның – дін, ұлт, бірлік, отбасы немесе мамандық секілді барлық көне тамырлары өзгерістің долы екпінінің астында шатасатыны анық. Алайда, ол мұны істеместен бұрын – жылдамдықтың әсері оның жеке өміріне тиіп, өмір сүру қалыптылығын өзгертуі мүмкін екендігін де ұғуға тиіс. Басқаша айтқанда ол заттардың уақытшалығын, өткіншілігін түсінуі қажет...

...Дәл қазіргі уақытта адамзаттың жолындағы шапшаңдық планетадағы барлық эволюциялық процесстердің кілтіне айналды. Өзге түрлердің эволюциялық деңгейі мен бағыты, олардың өмір сүруі – адамдардың қабылдаған шешіміне байланысты. Алайда адамның өзінің өмір сүруіне кепілдік беретін эволюциялық процестің өзіне тән ештеңесі жоқ.

Бұрындары әлеуметтік эволюцияның сатыларына байланысты адамдардың санасы оқиғаларды болжай алмаса да, бақылап отыратын болатын. Өзгерістер баяу жүргендіктен, адамдар оған бейсаналықпен бейімделе алатын. Ал қазір ол мүмкін емес. Генді өзгерту, жаңа түрлер шығару, планеталарды қоныстандыру және жер халқының санын азайту тәрізді биліктер қолына тигендіктен, адамзат қазір эволюцияның өзін саналы бақылауға алуы керек. Болашақтың соққысынан қаша отырып, өзгерістер толқындарының арасымен алға ұмтыла отырып, эволюцияны басқаруға міндетті. Болашаққа қарсы көтеріліс жасау ақылға сыйымсыз. Оның орнына адам баласы осы тарихи кезден бастап болашақты болжап, өзі жасағаны абзал.

Сонымен әлеуметтік футуризмнің соңғы талабы – технократиядан «асып өтіп» оны әлдеқайда гуманды, әлдеқайда демократиялы жоспармен ауыстыру ғана емес, эволюциялық процесстің өзін саналы адамзаттық басқаруға бағындыру болып отыр. Бұл – адамзаттың өзгерістер процесін бағындыратын немесе құритын тарихи сәті. Осы сәтте ол эволюцияның не құрбандығына, не қожайынына айналады.

Мұндай күшті шақыру бізден өзгеріске таң қаларлық жаңа, әлдеқайда тиімді үн қатуды талап етеді. Бұл кітап өзінің басты әрекет етуші тұлғасы секілді өзгеріске ұшырады. Өзгерістерді реттеуге шақыра отырып ол – қосымша революциялық толықтырулар енгізуді ұсынады. Бұл аса ақылға сыйымсыз емес те секілді. Адамдар үшін өзгерістер алғаш маңызды болғаны секілді, қазір де маңызды. Өзгеріс дегеніміздің өзі – өмір. Бірақ адамның физикалық қорғанышын ғана емес, оның шешім қабылдау процесін жоятын долы, басқарусыз, ауыздықсыз шапшаңдатылған өзгерістер – оның өміріне зиянды.

Сондықтан эволюциялық тағдырымызды билеместен, гуманистік болашақ құрмастан бұрынғы біздің бірінші және аса маңызды міндетіміз – миллиондаған адамды болашақтың соққысына ұшырау қауіп-қатерімен бетпе-бет келтіретін шапшаңдықты тоқтату. Бұған қоса, айналысуға тиісті соғыс, экология, расизм, байлар және кедейлер арасындағы алшақтық, жастардың көтерілісі секілді проблемалармен күресті күшейту.

Бұл ақылға сыйымсыз өсім мен және тарихтың қатерлі дертімен күресудің оңай жолы жоқ. Сондай-ақ, өнеге бола алмайтын болашақтың соққысы секілді аурудан емдейтін сиқырлы дәрі де жоқ. Мен проблеманы шешудің бірнеше жолдарын ұсындым. Өзге де тәсілдерін табуға болады. Алайда, бұл кітаптың басты мақсаты – диагноз қою. Ал диагноз – ем-домға себепші болады. Өйткені біз проблеманы дөп басып таппай өзімізге көмектесе алмаймыз ғой.

Бұл кітап адамға қажетті сананы белгілі бір дәрежеде қалыптастыруға көмектесіп, өзгерістерді бақылауға алып, өз эволюциясын басқаруға жәрдемдессе, өз үдесінен шыққаны.

Ықшамдап, аударған:

Нұраддин САДЫҚ

 

Сұхбат

PhotoRoom