Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев қызметінен босап, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Марат Тәжин президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін бұған дейін де (2002-2006 жылдары) атқарған. Ол сондай-ақ, бірнеше жыл президенттің көмекшісі болды. Ішкі идеология мен ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен ұзақ жылдар бойы айналысты. Кезінде Ұлтық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Сыртқы істер министрі, Мемлекеттік хатшы секілді бірқатар жоғары лауазымдарда болды. Сондықтан, жаңа лауазым Марат Мұханбетқазыұлы үшін ашылмаған арал, кездейсоқ қызмет емес.
Күні кеше ғана Елбасы Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Жұмыс тобын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы басқарады. Оның құрамына ҚР Парламентінің, Үкіметінің, Жоғарғы Сотының, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгер қоғамдастығы мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері кірді.
Президент Әкімшілігінің басшысына тапсырылған міндетті жүзеге асыру үшін жоғары интеллект иесі, идеологиялық тұрғыда тәжірибелі Марат Тәжин қажет-ақ. Тәжиннің келуімен бірқатар өзгерістер болуы, ол өзгерістер Президент жолдауынан кейін (25 қаңтарда өтуі мүмкін) басталуы мүмкін.
Бірінші өзгеріс. Шығыс Қазақстан облысының әкімі ауысуы мүмкін. ШҚО әкімі Даниал Ахметов Сенатқа депутат болып, орнына қазіргі Сенат депутаты Дархан Қалетаев барады деген жорамал бар. Өйткені, Сенат депутаты мандатына не әкімдер, не әкім болатындар ие болады. Оның үстіне, Шығыс Қазақстан облысының халқы облыс басшысы ретінде жас, іскер әрі өз өңірінің тумасын көргісі келеді. Бұл тұрғыда Дархан Қалетаевтың биографиясы да, географиясы да жарап тұр.
Екінші өзгеріс. Зейнет жасына байланысты бірнеше облыс әкімі қызметінен босауы мүмкін. Бұл өзгерістердің болуын ең алдымен Мемлекет басшысы жарлығымен Аслан Мусиннің (зейнеткерлікке шығуына байланысты) елшілік қызметінен босатылғанын алға тартамыз. 2016 жылдың басында Елбасы қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың пайғамбар жасқа толуымен құттықтап, мемлекеттік қызметтегі уақытын 2020 жылға дейін созды. Саяси карьерасы созылған әкімдердің арасында қазіргі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бар. Міне, осы "зейнеткер" әкімдер орындарын жастарға береді деп күтіледі.
Үшінші өзгеріс. Зейнет жасына келмесе де бірнеше жылдан бері тапжылмай бір облысты басқарып отырған әкімдер бар. 17 қаңтар күні Қырымбек Көшербаевтың Қызылорда облысын басқарып отырғанына 4 жыл толады. Мұндай саяси салмағы бар, іскер басшы Астанаға қайта оралуы мүмкін. Қырымбек Көшербаев ҚР Мемлекеттік хатшысы немесе бүгін қызметінен босаған Марат Тәжиннің орнына ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі болып кетуі мүмкін. Қырымбек Елеуұлы Ресейде 2003-2006 жылдары елші болғанын жақсы білеміз. Ресей Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар ел екенін ескерсек, елшілікке Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасы дәл келіп тұр.
Досжан Мейірім