Қала әкімдерінің рейтингі: Жаңа мэрлер һәм экс-әкімдер

Рейтинг
09.11.2017, 19:17

Без имени-1SAIGEZ қала әкімдерінің рейтингін жасауды жалғастырады. Соңғы рет рейтингімізде мамыр айын қорытындылаған едік, енді міне араға 5 ай салып сол дәстүрді қайта жалғамақпыз. 2018 жылдан бастап рейтинг әрбір тоқсан сайын жаңаратын болады.

5 айда көп дүние өзгерді, әсіресе бірнеше әкім қызметін ауыстырды. Өскеменге 36 жастағы жаңа мэр келді, тіпті келгеніне 5 айдан асса да оған баға беріп үлгермедік. Шымкентті тура екі жыл басқарып, аяқ-асты «Нұр Отанға» хатшы болып кеткен Ғабидолланың да атқарған жұмыстарына тоқталмадық. Ақтау қаласы әлі күнге дейін иесіз, тек ИО-мен отыр. SAIGEZ рейтингінде соңғы уақытта жоғарыдан көрініп жүрген Орал қаласының экс-мэрі Нариман Төреғалиев Сенатқа депутат болып кетті. Бұған дейін Теректі ауданын басқарып келген Мұрат Мұқаев туралы бүгін кеңінен талқылаймыз. Ал, рейтингте үнемі төменгі орыннан көрінген Ақтаудың экс-әкімі Серікбай Тұрымов облыстық (Маңғыстау) мәслихаттың депутаты болып, заң бойынша қызметінен босатылды. Айырмашылығын өзіңіз байқаңыз!

Сонымен, жадырап жаз да өтті. Жаз артынан күз келді. Жылу маусымы басталды. Қала әкімдерінің нағыз сыналатын кезі. Бірнеше облыс орталықтарында қала күні аталып өтті. Бұл ақша шашпақ шара емес, қаланың көркіне, туристік әлеуетіне, қаладағы жасалынып жатқан жағдайға, тың өзгерістерге нағыз баға берілетін уақыт. «Рухани жаңғыру» аясында «Туған жер» форумы да жер-жерде өтіп жатыр. Бұл облыстық деңгейдегі шара болғанымен, негізгі ауыртпашылық қала әкімдеріне түседі. Ұйымдастыру, қауіпсіздік шаралары, тасымалды қамтамасыз ету – осындай көрінбейтін жұмыстардың артында қала әкімдігі тұрады.

Ендеше, соңғы өзгерістерді есепке ала отырып, бүгін сол бойынша сөз тарқатуға көшпекпіз. Қорытынды рейтинг жыл соңында шығатынын ескерсек, бүгінгі әңгімемізді келген-кеткендер туралы тарқатайық.

ШЫМКЕНТ

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ & Нұрлан САУРАНБАЕВ

3Ғабидоланың қызметінен босатылуы оның кейбір бастамалары сияқты қоғамда ең көп талқыланған жаңалықтардың бірі болды. Осыдан-ақ оның салмағы артқанын, бастамашыл басшы болғанын көрсетеді. Арқалықтың бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлы қызметінен кетеді дегенде, қала халқы «Ақ Берік» деген ән шығарып, бір жыл ішінде көп жұмыс тындырып, қаланың келбетін, жағдайын жақсартып үлгерген басшысына риясыз ән арнаған еді. Ақпарат аламанында атыңыз жақсы жағынан күнде аталуы мүмкін, көп іс тындырып жатқандай портретіңіз жасалуы да тиіс, бірақ халықтың ықыласын, махабббатын сатып ала алмайсыз. Міне, шымкенттіктердің Ғабидолланы қимастықпен шығарып салғанын, көп бастамасына қол соғып, бірақ аяқсыз қалдырып бара жатқанына налығандар көп болды.

Ол өте белсенді болды. Алдына үлкен мақсат қойды, жұмысты қала әкімдігінің жұмысын жандандырудан бастады. Ол тек қаланы басқарып қана қоймай, қалаға үлгі болуға тырысты. Велосипедке мінді, қоғамдық көлікке мінді. Мұндай жағдайға жұрт таңырқай қарамауы тиіс, әдеттегі жағдайдың бірі болуы тиіс деп ойлады.  Халықтың санасын жаңғыртып, Шымкентке өзгеріс әкелуге тырысты. «Шымкентті тек Қазақстандағы емес, әлемдегі ең сұлу қалалар қатарына қосамыз. Шымкентке келген адам кеткісі келмейтіндей болу керек, ал кетуге мәжбүр болса, шаһармен көзіне жас алып қоштасатындай дәрежеге жеткізуіміз қажет» деп бастады жұмысын.

Қызметке жайғаса салып қаланың 2020 жылға дейінгі даму жоспарын жасап шықты. Қала инфрақұрылымын дамытуға көп басымдық берді. Қала халқының ауыз суға, газға, энергияға қажеттілігін оңай етіп, қолжетімді қылуға атсалысты. Shymkent City жобасы Ғабидолланың визит карточкасы болып қалатындай үлкен жұмыс. Қазір бұл мега жобаның құрылысы басталып та үлгерді.

Ол күні-түні қаланы аралаумен болды. Барлық проблеманы өз жауапкершілігіне алды, көп өзгерістерді қиындатпай, халықтың өз тілімен түсіндірді. Оған халықты тұрғылықты жеріне қарай уақытша тіркеу дауына байланысты айтқан сөзі куә. Тіпті, Ғабидолланың түсіндірмесі басқаларға да үлгі болды.

Ғабидолла – қала әкімдерінің мәртебесін көтеріп кетті, оларға облыс басшысының ығында қалмай, қаланы көркейту, дамыту, жайлы ету үшін бел шеше жұмыс істеуге шақырды. Сөзің өту үшін салмағың болу керек, аузыңда дуа болу үшін тұлғаға айналу керектігін дәлелдеді.

b385d6d8-7269-4703-84e0-1b6d64e71eedЕнді Елбасының үнемі назарында жүретін, экономикасы мен құрылысы қарқын алған еліміздегі үшінші қала Шымкентке әкім болып Нұрлан Сауранбаев тағайындалды. Біраз шаруаның ортасында қайнап келген, әртүрлі ұлттық компанияларда, министрлікте қызмет атқарған.

ОРАЛ

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ & Мұрат МҰҚАЕВ

Мурат МукашевОрал қаласына Астана мен Алматыдан тальго қатынайтын болды. Ресеймен шекарадағы кедергілердің бәрі жойылып, Жайыққа аттанған жолаушылар тез әрі қауіпсіз жететін болды. Бұл Оралдағы туризмді дамытуға, инвесторларды тартуға үлкен олжа болуы тиіс.

Осы жылдың шілдесінде Оралға жаңадан әкім болып Мұрат Мұқаев келді. Бұрынғы Теректі ауданының әкімі ҚР Парламенті Сенатына депутат болып кеткен Нариман Төреғалиевтің орнын басты. Бұрын қаланы басқарған Алтай Көлгінов бүгінде облыс басшысы болып отырса, енді бірі Сенат депутаты болып биіктеді. Бұл дәстүр алдағы уақытта Мұрат Мұқаев үшін де үлгі, ізгі жол болуы тиіс.

Мұрат Рахметұлының қала басқарғанына да бір тоқсан өтіпті. Несімен есте қалды, қандай жұмыс атқарды? Осыған тоқталайық.

Оралдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жол. 2017 жылғы жоспар бойынша қалада 67 көше жөндеуден өтуі тиіс болатын. Сол үшін 8,1 миллиард теңге бөлініп, Орал қаласының әкімдігі ала жаздай жол салумен айналысты. Нәтижесі қандай? 61 көше толықтай жөндеуден өтті. Қалған алтауында құрылыс жұмыстары толықтай аяқталмай, келесі жылға қалды. Бұл Орал қаласы тарихында бұрын-соңды атқарылмаған ең үлкен жұмыс. Өткен жылы қалада бас-аяғы 23 шақырым жол жөнделсе, биыл 73 шақырым. Одан бөлек 40 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қаладағы жалпы жұмыстың 90 пайызы орындалды. Осылайша, қала әкімдігі алдағы жылдың жұмысын жеңілдетіп, келесі жылға мүлдем басқа жоспар қойып отыр.

Жолды тек жөндеп қана қоймай, сапалы етіп, еуропалық технологияны қолданды. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Оралдағы жол мәселесі толықтай шешімін тауып, ұзақ мерзімге дейін бұл қиындықтан құтылатын жол қарастырып жатыр. Одан бөлек, қаладағы үлкен көшелерге 37 жаңа үлгідегі аялдама павильоны орнатылды, жыл соңына дейін үнемделген қаржыдан тағы 7 аялдама орнатылмақ.

WhatsApp Image 2017-11-09 at 17.50.39Жыл басынан бері Орал қаласында жәрмеңке өткізу үзілген жоқ. Сәуір айынан бастап Орал қаласында 31 жәрмеңке өтіпті. Сатылған тауарлардың жалпы сомасы 240,0 млн. теңгені құраған. Жәрмеңкеге 50-ге жуық облыстық және қала маңының ауыл шаруашылығы тауар өндіруші өз өнімін саттыққа шығарды. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге және саяжайшыларға сауда орындары тегін берілген. Бүгінге дейінгі өткізілген барлық жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 852 тонна ауылшаруашылығы өнімі, 83,7 тонна ет, 17 тонна балық және 216 мың дана жұмыртқа сатылған. Қала – ауылшаруашылығы өнімдерін саудаға салатын, өнім шығарушылардың кәсібіне қолдау білдіретін үлкен алаңға айналып отыр.

2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданып, жыл соңына дейін Оңай және СМСBUS электронды төлемдерін енгізу туралы жұмыс атқарып жатыр.

Мұрат Мұқаев келгеніне көп уақыт болмаса да халықпен тіл табысып, алғысын алып та үлгерді. Биыл қала күні де ойдағыдай өтіп, халық бір серпіліп қалды. Жұмыс жүріп жатқандықтан, мұндай мерекелерді орнымен атап өту де жарасады. Өңірлік БАҚ-тарда орнымен сұхбат беріп, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы айтып жүр. Тіпті, республикалық басылымдарда да Орал қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды сәтімен көрсетіп келеді.

ӨСКЕМЕН

Ерлан АЙМҰҚАШЕВ & Қуат ТҰМАБАЕВ

jpgҚуат Тұмабаев мамыр айында Өскемен қаласына әкім болып жайғасты. Жасы 36-да. Бұған дейін ШҚО әкімінің орынбасары болған. Әзірге өте белсенді әкімдердің бірі. Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен босағаннан кейін, ең белсенді қала әкімі ретінде оған бәсекелес тек Ілияс Испанов (Ақтөбенің әкімі) болуы мүмкін. Өйткені, екеуі де әлеуметтік желіні өте белсенді пайдаланады, екеуі де жас. Екеуі де облыс басшысының қолдауымен қызметке келді.

Қуат Тұмабаев сенбіліктен қалмайды, ескерткіштерді тазалап, Қабанбай батырға қойылған ескерткішті жуып шықты. Қала көшелерін, ғимараттарды қаптаған жабайы жарнамалардан тазартып, Өскеменнің шырайы кіріп қалды.

DSC_8011Қайырымдылық шараларын қолдауға атсалысады, қала халқына өзі үлгі болуға тырысады. Дүкеннен бірдей көлемде екі дана азық-түлік сатып алып, бірін өз үйіне, бірін мұқтаж жандарға тапсырды. Тіпті, Өскеменде өтіп жатқан қайырымдылық акциясы кең көлемде қолдау тапса, дүкендерде мұқтаж жандарға арналған арнайы сөре орналастыруды және оны азық-түлікпен толытырып қоюды ойластырып жүр.

Қ.Тұмабаевтың әр қадамы ақпарат болып тарайды. Тұмауға қарсы екпе алса да, отбасымен серуендесе де, қайырымдылық жасаса да ақпарат. Жақында Қуат Тұмабаевты республика жұрты әбден танып-білді десек те болады. Қызмет көлігін демалыс күндері жеке мүддесі үшін пайдаланған орынбасарын «жазалап», екі ай бойы жаяу жүруге мәжбүрледі. Қала әкімінің орынбасары Расул Манапов жазасын өтеу үшін қызмет уақытынан бөлек 20 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді. «Өскемен Тәртіп» коммуналды кәсіпорнының жұмысшыларымен бірге таңғы 8.00-ден бастап 11.00-ге дейін Республика алаңындағы субұрқақты қыс мезгіліне дайындады.

Қуат Тұмабаев әзірге ақпарат алаңында іскерлігімен емес, осындай «еркелігімен» жиі көзге түсіп жүр.

АҚТАУ

ТрумовАқтау қаласы әкімсіз отырғанына 1 айдан асты. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов қызметінен кетті. Ол облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Осыған орай, қала әкімі орынбасарларының бірі Нұрлыбай Аққұлов әкімнің уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Айта кетейік, Нұрлыбай Аққұлов бұл міндетті 4 қазаннан бері атқарып келеді.

P.S.

Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды.

SAIGEZ.KZ сарапшылары қалалардың емес, қала әкімдерінің рейтингін жасайды. Қосымша сұрақтарыңыз болса saigezkz@gmail.com электронды адресіне жолдауларыңызды сұраймыз.

Сұхбат

PhotoRoom