ШЫМКЕНТ: БЛОК-БЕКЕТТІ АЙНАЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН 150 КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІНЕ ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Рейтинг
02.04.2020, 08:09
ШЫМКЕНТ: БЛОК-БЕКЕТТІ АЙНАЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН 150 КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІНЕ ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласының шеткі елді мекендерінде қыр-адырлар арқылы үлкен автожолдарға шығып кететін соқпақ жолдар бар. Қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған соң кейбір тұрғындар осы жолдар арқылы блок-бекеттерді айналып өтпек болған. Сондықтан құқық қорғау органдары әуе дрондарының көмегімен барлық жолдарды бақылауға алды.

Бұл туралы Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.

— Шектеу қойылған алғашқы күні осындай жолдармен өтпек болған 150 автокөлік ұсталып, оларға төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Осындай жолдардың барлығын қазып, автокөлік өте алмайтындай етіп бекіттік. Алайда, тұрғындар бәрібір айналып өтетін жолдар табады. Сондықтан құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып шекараны әуе дрондары арқылы бақылау туралы шешім қабылдадық, — дейді Абзал Әліқұлов.

Аудан әкімінің айтуынша, Қаратау ауданының аумағында 8 блок-бекет орнатылған. Әрбір блок-бекетте тәртіп бұзушыларды қадағалайтын 3 мобилді топ жұмыс істеуде.

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылады.

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы

Сұхбат

PhotoRoom