Шымкент қалалық Салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен "Сарқылмас қазына" тележобасы арқылы көпшілікке арнап қазақтың "Босаға майлау" салтын көрсетті. Отау тігіп, шаңырақ көтерген екі жасқа жасалар жоралғы да, айтылар тілек те көп. Осындай салттың бірі - босаға майлау. Бұл дәстүрді көреген әжелер мен ақ жаулықты аналар жасайды. Екі жастың үйіне уысын толтыра шашуын шашып, ақ ниеттерін білдіріп келеді. Сосын есіктің босағасына ізгі ниетпен май жағады. Бұл жас отаудың босағасы майлы болсын, қазаны оттан түспесін, берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде беріледі. Көктемде бірінші шайқаған майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, табалдырықты, киіз үйдің ас-су сақталатын жақ босағасындағы киізді майлау ырымы да бар. Ісшараның мақсаты - қазақтың ұлттық отбасылық құндылықтарын насихаттау, жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсету.