Тұсаукесер салтының біз білмейтін тұстары қандай?

Рейтинг
22.04.2020, 15:01

Бүгінде тұсаукесер рәсімі де заман ағымына қарай біраз өзгеріске ұшыраған. Ал, оның бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан жолы қандай? Баланың тұсауын не үшін кескен және қандай баланың тұсауын кескен? Қазақ халқы бұрындары жаппай дүниеге келген әрбір сәбидің  тұсауын кеспеген... Тек сал болып ауырып жатқан, жүре алмайтын баланың күрмеуі шешілсін деген ниетпен күрмеуді оң босағаға байлап, бір ұшын баланың аяғына байлап, өз әкесі кескен екен. Мұны Шымкент қаласы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының насихаттаушы орталық маманы Ахаева Айжан "Дәстүр дәрістері" атты онлайн бағдарламасында қалың оқырмандарға жеткізді.

Тұсауды анау-мынау адам кеспеген, ұл баланың тұсауын елге өнегелі, сыйлы орта жастағы ер адам кессе, қыз баланың тұсауын ширақ, үй шаруасына пысық, епті, жайдары орта жастағы келіншекке кестірген. Егде тартқан қарт кісіге, немесе әлі тұрмыс құрмаған, үйленбеген жастарға баланың тұсауын кестірмеген. Алдымен тұсауы кесілетін баланы бір ширақ қимылдайтын ер адам "алып қашады" да, оны бірнеше келіншек қуа жөнеледі. Кім бірінші жетсе, сол келіншек қыз баланың тұсауын кескен.  Тұсауы кесілетін бүлдіршіннің беліне екі түрлі кәде сый байланады. Біреуі жүгіртпек деп аталса, екіншісі "байланбермен" деп айтылады. Жүгіртпекте балалар бөліп жейтін тәттілер болған. Кім бірінші жүгіріп келіп, тәттілерді алса, сол балақай әлгі тұсауы кесілетін сәбидің алақанына алақанын тигізіп, қолын алған. Өйткені, жүгіріп бірінші жеткен баланың бойында күші басым, жігерлі деп санайды. Сол арқылы енді ғана тәй-тәй қадам басатын кішкентай сәбиге сол энергетика жұғысты болады, дариды деп сенген. Ал, "байланберменді" тұсауын кескен келіншекке берген. Оның ішінде күміс жүзік, не білезік болады. Бірінші болып жүгіріп жеткен келіншек те ширақ болғандықтан, баланың тұсауын сол кеседі және сондай епті, әрі пысық болып өседі деп ырымдаған. Қарап отырсақ, тұсаукесер салтының әрбір сәті ғибратты әрі тағылымды.

Қазір жаппай әр баланың тұсауы кесіледі. Жалпы ниет таза болса болды. Тұсаукесудегі ниет - баланың  алдағы өмір жолы даңғыл да дара болсын деген тілек. Дегенмен, тұсаукесерде қазір баланың табанының астына ақ мата төсеп жүр, бұл дұрыс емес. Баланың есік алдына алып шығып, көк шөптің үстіне жеті қадам жүргізіп барып, тұсауын кескен. Үйдің ішінде болса да осы көріністі ұстану қажет. Яғни, ақ төсенішсіз жерге жүргізген жөн. Баланың тұсауын ешуақытта қайшымен кеспеген. Себебі, қайшының жүзі екеу, бала екі жүзді болады деп қайшыдан қашқан. Дұрысы - пышақпен кесу. Сондай-ақ, баланың алдына үйдің кілті, көліктің кілті, иманды болсын деп құран кітапты қояды. Мұның барлығы кірме дәстүр. Мұндай бұрын-соңды қазақта болмаған. Міне, қазіргі біздің тұсаукесер салтымыздың бүгінгі сипаты мен бұрынғы ата-баба ұстанған салттың ерекшеліктерін салыстыра отырып айтқандағымыз, қазіргі бала өсіріп отырған жас отбасыларға құнды ақпарат беру, олардың бала тәрбиесіне титімдей болса да дұрыс бағыт-бағдар беру екенін біле жүріңіз.

 

Сұхбат

PhotoRoom