ШЫМКЕНТ: КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР ҚАТАҢ САҚТАЛАДЫ

Рейтинг
03.05.2020, 15:45

Шымкент қаласында 1 мамырдан бастап кейбір кәсіпкерлік нысандарының қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесіне орай өткен брифингте айтылды.

Брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қалада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, бірінші және екінші кезеңде қайта жұмысын бастайтын нысандар туралы жан-жақты ақпарат берді.

- Қаламызда бүгіннен бастап, бірінші кезеңде бірқатар нысандар қызметін қайта бастап, қалыпты жұмыс режиміне өтті. Атап айтсақ, химиялық тазалау, кір жуу, кілем тазарту, тұрмыстық (мобильді құрылғыларды қоса), медициналық және өндірістік жабдықтарды жөндеу орталықтары, тұрмыстық және кеңсе жабдықтарын сататын дүкендер, автожуу, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары іске қосылуда. Барлық нысандар сағат 10:00 мен 18:00-ге дейін жұмысын жалғастыратын болады, - деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ алдын ала жазылумен сұлулық салондары мен шаштараздар, санитариялық нормалардың және басқа да санитариялық-карантиндік талаптардың сақталуымен жүзеге аспақ. Онда келушілер саны бір уақытта 5 адамнан аспауы, отыратын орындардың қашықтығы кем дегенде 2 метр болуы қажет.

Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, өтінішті жіберуге үлгермей қалған кәсіпкерлерге тағы да мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, жұмысын бастайтын нысан жетекшілері 3 мамыр күні сағат 14:00-ге дейін төмендегі көрсетілген пошталарға өтінімді жіберуі қажет. Абай ауданы: karantin.abai@shymkent.gov.kz, Әл-Фараби ауданы: karantin.alfarabi@shymkent.gov.kz, Еңбекші ауданы: karantin.enbekshi@shymkent.gov.kz, Қаратау ауданы: karantin.karatau@shymkent.gov.kz.

Қала әкімінің орынбасары екінші кезеңде, яғни 4 мамырдан бастап іске қосылатын нысандарды да атап өтті.

Оның айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық компаниялар, сондай-ақ 500 шаршы метрден аспайтын, барлық бағыттағы дүкендер, фотосалондар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар жарнама агенттіктері жұмысын бастамақ. Сондай-ақ көшелердегі спорт алаңдары, жеке кабиналары бар моншалар, тек алдын ала жазылу бойынша үй жануарлары мен гүл сататын дүкендер, жылжымайтын мүлік агенттіктері, кәсіпкерлер осы нысанға сәйкес өтініш беріп, әкімдіктің электрондық поштасына жіберуі арқылы жұмысын жалғастыра алады.

Сондай-ақ брифингте Шымкент қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмат Қосалиев сөз алып, қала тұрғындарын сақтық шараларына немқұрайлы қарамауға шақырды.

- Қазіргі таңда қаламызда коронавирус инфекциясымен 200-ге жуық жағдай тіркеліп отыр. Сондықтан әрбір жұмысын жалғасырушы кәсіпкерлер бекітілген қаулыға сәйкес, санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтауы міндетті. Тәртіп бұзған кәсіпкерлеге әкімшілік жаза қолданылатын болады, - деді А. Қосалиев.

Сұхбат

PhotoRoom