ШЫМКЕНТТЕ 1 МЫҢ ШАҚЫРЫМҒА ӨРТКЕ ҚАРСЫ МИНЕРАЛДЫ ЖОЛАҚ САЛЫНДЫ

Рейтинг
04.06.2020, 18:18
ШЫМКЕНТТЕ 1 МЫҢ ШАҚЫРЫМҒА ӨРТКЕ ҚАРСЫ МИНЕРАЛДЫ ЖОЛАҚ САЛЫНДЫ

Бұл туралы қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен Шымкент қаласының аумағында орман және дала өрттерін алдын алу бойынша онлайн режимде өткен жиында төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Дербісов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала аумағындағы орман қоры жерлеріндегі 406 шақырымда минералды жолақ жыртылған. Бұдан бөлек, егістік алқаптарында 400 шақырым, республикалық маңызы бар жолдардың бойында 65 шақырым және жергілікті автомобиль жолдарының бойында 315 шақырым өртке қарсы жолақ салынған.

«Өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары сапалы болуы үшін енін кемінде 7 метр етіп жүргізу қажет.

Орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде 527 адамнан тұратын 52 өрт сөндіру тобын құрды. Олар 94 бейімделген қосалқы техникамен, 22 өрт сөндіру мотопомпасымен және қолда бар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.

Орман және дала өрттері орын алған жағдайда дер кезінде сөндіру үшін бір соқалы трактормен бірге 3 тонна суы бар тіркемелі бөшкелер мен 4 уақытша бақылайтын өрт сөндіру бекеттері құрылды»,-деді департамент басшысы.

Бұдан бөлек, ол Шымкент қаласында өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға, ал адамдардың қаза болуы 40 пайызға азайғанын айтып өтті.

Өрт қауіпі жоғары маусымның таяп тұрғанын айтқан қала басшысы аудан қала әкімдеріне өз аумақтарында ерікті өрт сөндіру жасақтарын құру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сонымен қатар, жаз айларында өте ыстық, өрт қауіпі жоғары өңір екеніне тоқталған әкім, өрт оқиғасы орын алған жағдайда бірінші кезекте сол ауданның басшысы жауап беретіндігін ескертті.

Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы аудан аумағында орналасқан барлық заңды тұлғалар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылауды күшейтуді жүктеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom