ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУҒА ЖОСПАРЛАНҒАН 372 МЛН.ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ ҮНЕМДЕЛДІ

Рейтинг
09.06.2020, 14:44
ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУҒА ЖОСПАРЛАНҒАН  372 МЛН.ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ ҮНЕМДЕЛДІ

«Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде 5 айда жалпы соммасы 372 млн. теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделді.

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлімдеді.

Мирас Асқарбайұлының айтуынша, жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жоспарлаған мемлекеттік сатып алуда негізсіз бағаны өсіру фактілері көрініс тапқан.

Қабылданған ұсыныстардың қорытындысымен мониторинг нәтижесінде бюджеттің 371 839 952 теңгесі үнемделіп, бірқатар мекемелерге жоспарланған соманы медиандық бағаға келтіріп, қайта енгізу тапсырылды.

Мәселен, Келес ауданының білім бөлімі мекемеге қажетті ВД-АК-111 маркалық бояудың 3976 данасын сатып алуды жоспарлаған. Бояудың бір данасын - 5000 теңгеге сатып алуды жоспарласа, 3976 данасына 19 880 000 теңге қарастырылған. Жоспарланған бояудың бағасын медиандық бағаға келтіріп (медиандық бағасы 2034) қайта қарастыру ұсынылды. Нәтижесінде, 19 610 000 теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Сондай-ақ, Жетісай ауданының білім бөлімі мекемеге қажетті компьютер сатып алуды жоспарлаған. Компьютердің бір данасы - 235 089 теңге қарастырылған, яғни 94 компьютердің жалпы сомасы 22 098 392 теңгені құраған. Зерделеу барысында аталған компьютердің нарықтық бағасы 90 000 - 180 000 теңге аралығында екендігі белгілі болып, сатып алуға жоспарлаған соманы қайта қарастыру ұсынылып, бюджеттің 6 991 276 теңгесі үнемделді.

Ал, Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Жасыл Кентау» ЖШС-гі арасында саябақтарды, тәлімбақты және Жасыл аймақты күтіп ұстау үшін 32 366 600,40 теңгеге 09 сәуір күні келісімшарт түзілген. Алайда, аталған мекемелер арасында 3 күннен соң, яғни 9 сәуір күні жалпы сомасы 135 953 727,68 теңгені құрайтын қосымша келісім шарт жасасқан. Дәл осы қосымша келісімшарт жасасудың негізділігі бойынша Департаментпен тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде бюджет қаражатының 103 587 127 теңгесі үнемделіп отыр.

Негізінен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы тауарлар мен қызметтердің орташа бағасын өзге лоттың жарияланған бағасымен немесе нарықтық бағамен салыстыруға мүмкіндік алып отыр.

Бұл порталдың тапсырыс берушілер мен бюджет әкімшілерінің негізсіз бағаны төмендету немесе көтеріп қою, жеткізу мерзімін қысқарту, белгілі бір өнім берушіге қолдау білдіру тәрізді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көріністерін анықтау қабілеті автоматтандырылған.

Айта кетсек, жыл басынан бері аталған жүйені қолдану арқылы бюджет қаражатын мақсатсыз шығындау деректерінің жолын кескен Департамент алдағы уақытта да бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу мақсатында мониторинг жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін болады.

Сұхбат

PhotoRoom