Заманауи қоймада 345 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға болады

Рейтинг
09.06.2020, 23:22

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ таратқан мәліметке сүйенсек, Шымкенттің іргесіндегі Сауда логитикалық аймағы - заманауи қоймалар жүйесі 2015 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 32,9 млрд теңгеге тең. Аймақта барлығы 194 мың шаршы метр қойма салу көзделген, соның 36,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Сауда логистикалық аймағының (СЛА) жер аумағы 92 гектарды құрайды. Инфрақұрылым құрылысына 22,5 гектар, инвестициялық жобаларға 69,5 гектар жер бөлінген. Бүгінде аймақта 6 гектар ғана бос жер қалды.

СЛА логистикалық тұрғыдан өте қолайлы аумақта орналасқан. Ол әуежайдан 2 шақырым, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінен 4 шақырым, трансазиялық теміржол магистралінен 0,5 шақырым қашықтықта орналасқан.

Осы күні «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 1,7 млрд теңгеге аймақтың инфрақұрылым жүйелері жүргізілді. Атап айтқанда, автомобиль жолы (4 шақырым), теміржол тұйығы (2 шақырым), электр тарату сымдары мен қосалқы электр станциясы (10 МВт), қуаттылығы 9 л/сек су жинағыш мұнара, кәріз және тазасу жүйелері (6,6 шақырым), табиғи газ құбыры (4,7 шақырым), сондай-ақ телефон байланысы желісі тартылды.

Бүгінгі таңда аймақта нақты 2 жоба іске қосылған. Тағы 2 жобаның құрылысы жүріп жатса, 2 бизнес бастаманың жұмысы, керісінше, тоқтап тұр. Игерілген 1 теңге бюджет қаржысын 12 теңге жеке инвестиция жапты. СЛА аумағында кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында кедендік ресімдеу орталығы қызмет атқарады.

Сауда-логистикалық аймағында кәсібін жүргізіп жатқан қос компанияның бірі – «Continental logistics Shymkent» ЖШС. Жобаның құны 15 800 млн теңгені құрайды. Компанияның иелігіне 35 гектар жерде орналасқан А класты қоймалар, контейнерлік аумақ және сұрыптап-буу кешені кіреді. Аталмыш серіктестікте 140 адам жұмыс істейді. Жоба құрылысының І кезеңі 2017 жылы аяқталған. ІІ кезең құрылысын 2020-2021 жылдары аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда аумағы 21 мың шаршы метр құрғақ және климаттық, контейнерлік қоймалар іске қосылған. Осы қоймаларда жылына 345 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға болады.

СЛА аумағында өз кәсібін іске асырып жатқан екінші компания – «Kazakhstan Logistics Group» ЖШС. Серіктестіктің 14 гектар алаңда В класты қоймалары, өзге де көкөніс сақтау құрылымдары бар. Компанияда 95 адам еңбек етеді. Мұнда да құрылыс екі кезең бойынша жүргізілді. І кезең 2017 жылы аяқталып, 15 360 шаршы метр қойма пайдалануға берілді. ІІ кезең құрылысын аяқтау мерзімі 2020-2021 жылдарға жоспарланып отыр. Нәтижесінде қойма алаңы қосымша 22 140 шаршы метрге ұлғаяды. Қазіргі таңда құрылыстың ІІ кезеңі аясында болашақта салынатын нысанның жер аумағын тегістеу жұмыстары жүруде. Жобаның инвестициялық құны 5,9 млрд теңге тұрады. Қоймалардың өнімдерді сақтау қуаттылығы жылына 195 мың тоннаны құрайды.

Жалпы келешекте әр өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін ашу күтіліп отыр. Мұндай ұсынысты Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Және аталмыш орталықтарды құруға қазынадан 237,5 млрд теңге қарастырылмақ. Бүгінде бұл жоспарды іске асыру мақсатында бірнеше қала, өңірде кешен құрылысына арналған жер телімдерін ресімдеу басталды. Шаруалар өздерінің өнімдерін осы орталықтарға әкеп өткізе алады. КТО-да өнімдерді сақтау, қайта өңдеу және тарату қызметтері көрсетіледі. Жоспарға сәйкес аталмыш кешен арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге, Қытай мен Орталық Азияға экспортталады.

Сұхбат

PhotoRoom