Жаңадан сайланған депутатқа жеке мәселелері мен қала шаруашылығына қатысты мәселелерін айтып келген азаматтар қарасы көп болды. Онлайн арқылы да ойларын білдіргендер бар. Тұрғындардың түйткілді мәселелеріне құлақ түрген ол, қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді.
Данабек Исабеков – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты
Шешілетін мәселелерді заң аясында шешуге тырысып жатырмыз. Тұрғындардың бүгінгі проблемаларын өз назарыма тікелей аламын. Жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.
Қоғамдық қабылдауға келіп, базынасымен бөліскендердің бірі Көбей атай. Ол өзі тұратын Игілік тұрғын алабының тұрғындарының атынан келіп отыр. Айтуынша, Игіліктік халықты жол мәселесі біраздан бері әбігерге салған. Тұрғынның пікірін тыңдаған Данабек Ержанұлы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа тікелей байланысқа шығып, мәселенің оңды шешілуіне ықпал жасады.
Көбей Есмұратов – Шымкент қаласының тұрғыны
Менің келген мәселем – көшемізді су кіргіземіз деп қазып кетіп, лай болып жатыр. Соны айта келген едім. Енді бір-екі аптада тас төсеп, істеп береміз деді.
Халық қалаулысы бүгін қаралған мәселелер өзінің тікелей бақылауында болатындығын айтты. Қоғамдық қабылдауға ұсыныс-пікірлерін арқалай келген азаматтар да өз мәселелерінің жерде қалмасына сенім білдірді.