Бүгінде Ассамблея құрамында екі мыңға жуық медиатор бар. Олар бес жылда 150 мыңға тарта шағымды қарап, бітімгерлік жұмыстарын атқарған. Ел арасындағы дауларды сотқа жеткізбей, шешімін табуға атсалысты. Сондықтан Ассамблея жанынан этномедиация орталығын құру маңызды дейді жиынға қатысушылар. Алғы сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ассамблеяның маңыздылығына тоқталды.
Елімізде 2011 жылы «Медиация» туралы заң қабылданғалы 5 тамыз Республикалық «Медиация» күні ретінде аталып өтуде. Шымкент қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамында 17 этномәдени бірлестік бар. Атаулы мерекеге орай, мегаполисімізде түрлі шаралар да өтіп жатыр. «Достық үйі» ғимаратында қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен жүздескен Марат Әзілханов қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жайын баяндап, өкілдердің атқарған жұмыстарына алғысын білдірді.
Келелі кездесу мұнымен біткен жоқ. Қала әкімінің бірінші орынбасары жүргізген жиынның екінші бөлімі БАҚ өкілдерімен пікір алмасумен жалғасты. Марат Әзілханов журналистер мен блогерлермен бас қосып, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Кездесу барысында жастарға арналған тәрбиелік маңызы бар ақпараттық контенттерді көбейту, этностарды біріктіру, ақпараттық кеңістік саласында жүйесіздікті жою тақырыптары қозғалды.