Жыл басынан бері экологиялық талаптарды сақтамаған 43 кәсіпорынға тексеріс жүргізіліп, 173 әкімшілік іс қозғалған. Осы орайда, жалпы сомасы 57 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге артқандығын айтқан Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев баспасөз отырысы барысында 10 айда атқарған жұмыстарын баяндады. Жалпы, Шым шаһардың бүгінгі экологиялық ахуалы қандай? Неліктен аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары жылда айыппұл арқалайды?
Ағымдағы жылы жазылған арыздардың басым дені «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен «Ордабасы» жекеменшік индустриалды аймағында шоғырланған кәсіпорындардың үстінен жазылған көрінеді. Олар экологиялық талаптарды сақтамай, әсіресе, түнгі мезгілде лас ауаны тазарту қондырғыларынсыз сыртқа шығарып отырған. Нәтижесінде, мегаполистің ауа сапасы төмендеп, жағымсыз иіс пайда болған. Аталған екі аймаққа жыл басынан бері 18 рет тексеру жүргізген мамандар, жалпы соммасы 36 мил теңгеден астам айыппұл салыпты.
Ісім жүрсе болды, басқасы күл болмаса, бүл болсын дегендер Тассай тұрғын алабынан да табылыпты. Сарқынды суларын каналға төккен «Юникс Беверейдж» ЖШСқоршаған ортаға айтарлықтай зиян тигізген. Бір қызығы бастапқыда арыз берген азамат, көпке ұзамай шағымын қайтарып алған көрінеді. Дегенмен, экологтар бұл істі жарты белде қалдырмағандарын айтады.
Баспасөз отырысы барысында миллионды қала бей-берекет шашылған қоқыстан көз ашпай келе жатқаны жайында да айтылды. Биылдың өзінде қоқыс үйінділерінің 45 координаттық нүктесі анықталып, тазарту туралы тапсырма да беріліпті. Алайда, ол жерлер бүгін жиналғанымен, екі-үш күн өтпей бәз баяғы қалпына түседі екен. Жұмысты жүйелей алмаған қаладағы 4 аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке де тартылыпты. Эколог маманның айтуынша, олардың айыппұл арқалаулары бірінші рет емес екен.
10 айдың ішінде көгалды аймақ аумағын 396 гектарға жеткізген аталмыш департамент тағы да 100 га жер учаскесіне мемлекеттік актілер алыпты. Осы орайда, 9 саябақ пен 39 гүлзардағы тал-терекке төлқұжаттар ресімделген. Бұдан бөлек, Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің жауын-шашын суларымен ластануы жайында, тұрмыстық қатты қалдықтарды терең өңдеудің және бөлек жинау жүйесінің болмауы туралы, құрылыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу өндірістерінің жоқтығы, орталық канализация жүйелерімен қала аумағын қамту деңгейін ұлғайту туралы ұсыныстарды жауапты мекемелерге жолдаған екен. Нәтижесін, келесі жылы көріп қалармыз, деген департамент басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев жыл аяғына дейін біраз тірлікті тындыруға уақыт барын айтып қалды.