Су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Рейтинг
23.05.2023, 14:50
Су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Шомылу маусымы басталуға жақын қалды. Түркістан облысында бүгінде жалпы 4 мыңнан астам су нысаны бар. Олардың бәрінде шомылуға рұқсат па? Өкіншке қарай жыл басынан бері қанша адам суға кетті? Қауіпсіздік ережесі қай аудандарда сақталмай отыр? Күн ыстықта қайда барып шомылуға болады?

Күнту Арынбек

тілші
- Түркістан облысында жыл басынан бері 20 адам суға кеткен. Оның 15-і – ата-аналарының қарауынсыз қалған жас балалар.  Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов аппарат отырысында осылай деді. Жалпы облыста жалпы 4334 су нысаны бар.

 Оның 42-сі су қоймасы, 149 ірі және кіші өзендер, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, бақылауға алынған. Қазіргі таңда өңірде 11 коммуналдық жағажай ашу орындары белгіленген. Оның үшеуі Арыс қаласының аумағында, Сауранда – 2, Шардарада – 3, Отырарда – 1, Бәйдібекте – 2 жағажай ашылады.

Бұл жұмыстар Арыс қаласы және Ордабасы, Шардара және Жетісай аудандарында ғана жүргізілді және сол аудандарда адамдардың суға кету деректері азайып отыр. Жалпы 12 млн. теңгеден астам қаржыға 43 каркасты бассейн сатып алынған.  Облыс әкімі басқа аудан, қала әкімдеріне де осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырды.  Сондай-ақ, аппарат мәжілісінде әкім өзен-көлдер мен су айдындарында, бассейндерде жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары күшейтілуі керегін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Жалпы облыста 85 бассейн бар. Өткен жылы 33 жекеменшік бассейні бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп,  әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың 5000-ға жуық баласы ақысыз суға шомылды. 2022 жылы Отырар ауданы және Арыс қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жұмыспен қамту орталығы арқылы 33 адам жұмысқа қабылданып, департаменттен даярлықтан өткізілген. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысып, үлкен үлесін қосып отыр. Биыл осы жұмыс басқа аудан, қалаларда қолға алынады деген жоспар бар.

Сұхбат

PhotoRoom