Биыл Шығыс Қазақстанда 3000-нан астам отбасы баспаналы болмақ

Рейтинг
20.03.2024, 18:07

Биыл ШҚО-да әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпараты бойынша, биыл аймақта 190 млрд теңгеге 694 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 6 361 пәтер салу жоспарланған.
Салынып жатқан тұрғын үйлерден Отбасы банктің «Отау» бағдарламасы арқылы жеңілдікпен пәтер алуға болады.

Биыл Шығыс Қазақстанда 3000-нан астам отбасы баспаналы болмақ

Таяуда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құрылыс саласының қарқынын арттыруға ерекше маңыз берді.
– Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады, - деді Мемлекет басшысы халықты қолжетімді, сапалы баспанамен қамтуға орай берген тапсырмасында.
Облыс әкімдігінде өткен кезекті жиында аймақ басшысының халықты қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы талқыланды.
– 2024 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 3201 пәтер салынып, осыншама отбасы қоныс тойын тойламақ. Алдын ала болжам бойынша баспана құрылысының көлемі былтырғыдан 101,7 пайызға артпақ. Соның ішінде 26 көпқабатты тұрғын үй салынып, осы үйлердегі 2 305 қолайлы пәтер пайдалануға беріледі, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов.
Сонымен қатар осы жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 2,6 млрд теңгеге 156 пәтер салынады. Биылғы қаңтар, ақпан айларында пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй құрылысының көлемі былтырғыдан 102,6 пайызға өскенін айта кеткен абзал.
Елімізде биылғы 1 наурыздан бастап «Отау» бағдарламасы іске қосылды. Өңір тұрғындары 30 сәуірге дейін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Несие бойынша жылдық мөлшерлеме – 9% (ЖЭС 9,2% бастап). Несие мерзімі - 19 жыл.
Бүгінге дейін елімізде 10 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу үшін бірегей шарттарды ұсынатын «Отау» бағдарламасына өтінім беріп үлгерген. Бағдарлама алдағы жеті жылға арналған, сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келгендер қазірден бастап жинақ жүргізуі қажет. Ал егер банк салымшысы бағдарламаның шарттарына сай болса, биылғы 30 сәуірге дейін өтініш беруге уақыты бар.

Сұхбат

PhotoRoom