ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ОРДАБАСЫ АЛАҢЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Рейтинг
12.04.2024, 15:52
ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ОРДАБАСЫ АЛАҢЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында #TazaShym атауымен  жалпықалалық сенбілік өткізді. Аудан тұрғындары, белсенді жастар, мен еріктілер «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, аялдамалар жуылып, айнала қоқыстан тазартылып, ағаштардың түбін әктеумен қатар аулалар абаттандырылды.

Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығы аясында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Б.Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев, белгілі опера әншісі М.Мұхамедқызы, қоғам белсендісі А.Бесбаев, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар, еріктілер және басқа да азаматтар белсенді атсалысты.

– Мәдениеттілік – тазалықтан, ал тазалық өзімізден басталады.  «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қазақтың сөзі бар. Осындай жалпыхалықтық сенбіліктер өз уақытында қолға алынып жатқанын айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде белсенді жастар мен қазыналы қарияларымыз қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосуда. Шымкент әрдайым «Жасыл қала» статусына сай көркейіп, гүлдене береді деп сенеміз, - дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев.

Сенбілік барысында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы, мәслихат төрағасы Б.Нарымбетов пен опера әншісі М.Мұхамедқызы акцияға қатысушыларға алғыстарын білдіріп, қаланы таза ұстауға шақырды.

Айта кетейік, қала бойынша тазалық жұмыстарына 4500-нан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom