Елордада 9 мың орындық бірнеше мектеп ашылды

Аймақ
01.09.2020, 16:07

Биыл елордада 12 мектеп салынып, пайдалануға беріледі

Елордада 9 мың орындық бірнеше мектеп ашылды
фото: astana.gov.kz

1 қыркүйек күні Нұр-Сұлтанда бірқатар жаңа мектеп балаларды қабылдады. Атап айтқанда, елордада биыл қолданыстағы мектептер аумағында үш ғимарат және үш жаңа мектеп салынды. Орындардың жалпы саны 9 мыңды құрайды.

Жаңа білім мекемелері төрт мектепте – № 31, 40, 53 және 85-те үш ауысымда оқу мәселесін шешіп отыр. Сондай-ақ оқушы саны көп алты мектептің - №12, 58, 71, 75, 76 және 84 жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов бірқатар жаңа білім беру мекемелерінде болды.

«Біздің алдымызда мектеп оқушыларын орынмен қамтамасыз ету және оқуға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Сауран, 5/1, көшесінде орналасқан мектеп екі ауысымда оқытып, жаңа 2400 оқушыға орын пайда болды. Бұл аймақ тұрғындары үшін бұған дейін оқу орны болған емес. Жаңа мектеп №59 және 85 мектептердің үш ауысымдық білім беру мәселесін шешіп, №76 және 75 мектептердің жүктемесін азайтады. Мектеп интерактивті даму кабинетімен, қашықтан оқытуға арналған онлайн студиямен жабдықталған. Студияда мұғалімдер онлайн сабақтарын жазып, вебинарлар өткізіп, тікелей эфирде көрсете алады. Болашақта біз бұл тәжірибені басқа мектептерде де қолданатын боламыз», – деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі сондай-ақ №8 ІТ мектеп-лицейінде болды (Сейфуллин – Омаров көшесі, екі ауысымда 1800 орын). 60 жыл бұрын салынған ескі мектеп ғимараты апатты деп танылған болатын. Өткен жылдарда балалар №56 және 16 мектептердің ғимараттарында оқыды. Жаңа мектеп IT және STEM сыныптарымен жабдықталған – оқушылар 3D нысандарын жасау, роботтарды модельдеу бойынша ғылыми және техникалық білімдерін практикада бірден қолдана алады. Сонымен қатар мектепте инклюзия және педагогикалық-психологиялық түзету бөлмелері бар. Арнайы дайындалған мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейді.

Бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында «кезекші топтар» форматында оқиды – сыныпта 15-тен көп бала болмайды, парталар шахмат тәртібімен қойлады. Дезинфекциялық туннельдер, антисептиктер, әлеуметтік арақашықтық белгілері және маска тағу туралы ескертулер орнатылды.

Жалпы биыл елордада 12 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Тағы 12 мектеп 2021 жылы салынады.

Сұхбат

PhotoRoom