«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» – ҚАРЫЗСЫЗ БОЛАШАҚ

Рейтинг
18.04.2024, 18:29
«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» – ҚАРЫЗСЫЗ БОЛАШАҚ

Халықты қаржылық сауаттылыққа шақыратын  «АMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы әлемдік проблеманы өзімізден бастап шешуді көздейді. Жобаға қатысушылар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді Үкіметке тапсырды.  Осыған сай партияның Орталық аппараты мен Үкімет жобаның ауқымын кеңейту туралы тиісті органдармен  арнайы Меморандум әзірледі. Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды.

Аталған құжат негізінде «Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздің барлық аймағында бастау алып, азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлерде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды.  Жалпы биылғы жылы «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курстарымен еліміздің барлық өңірінде 800 мыңнан астам адамды оқыту жоспарлануда.  Жобаға қатысатын 800 мың адамның 150 мыңы тұрғындар болса, 100 мыңы студенттер және 550 мыңы мектеп оқушылары. Жаз айларында мектептердегі «Жаһандық құзыреттілік», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» пәндері мұғалімдерінің арнайы оқудан өтулері жоспарлануда.

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен Жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының қалалық, аудандық филиалдарынанемесе өңірлерде ашылған «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселеріне хабарласуға болады.

Бүгінде 2 мыңға жуық тұрғын бұл жоба бойынша оқып, арнайы сертификаттарға ие болды. Оқыту курсы жыл соңына дейін жалғасатын болады. Яғни кез келген қала тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін оқу курсынан өтуге мүмкіндігі бар. Оқу ұзақтығы 5 күн.

 

Сұхбат

PhotoRoom