САПАЛЫ ЖОЛ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

Рейтинг
18.04.2024, 18:30
САПАЛЫ ЖОЛ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деген болатын өз жолдауында. Міне осы тапсырма аясында үкімет жол сапасын жақсарту мақсатында түрлі стратегиялық жоспарлар жасауда. Соның бірі 2021 жылы басталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бірнеше министрлік біріге жасаған жоба 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылады. Ұлттық жобаның мақсаты - халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік-байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру. Ұлттық жоба аясында еліміздегі сапалы жолдардың үлесін арттыру көзделген.

Үшінші мегаполисте жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Қала әкімі мегаполис жолдарын заман талабына сай ету үшін тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын талап етуде. Жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес сонымен қатар көршілес аудан, қала тұрғындарының қолайлылығы үшін айналма жолдардың сапасын жақсарту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

 Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, сол арқылы 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарлануда. Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылады. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді. Аталған жобаларды жүзеге асырумен қатар, Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ қозғалысты ұйымдастырудың техникалық құралдары: жол белгілері, бағдаршамдар орнатылуда. Қала аумағында бүгінде 1886 аялдама бар. Оның ішінде ескі үлгідегісі – 838, 500-і жаңа аялдама. Биыл қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылып, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Қала көшелерінің қауіпті учаскелеріне, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.

 

Сұхбат

PhotoRoom