Жатақхана салу – елімізде өзекті мәселе қатарында. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек. Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формаларын дамыту қажет. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуы тиіс. Мемлекет басшысы осы және студенттердің білім алуы үшін өзге де жайлы орта қалыптастыру қажеттігін айтып, Үкіметке тапсырма берді. ҚР Президенті алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы тиістігін баса айтты.
Президент тапсырмасы аясында ауқымды шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да жаңа студенттер үйі пайдалануға берілді. Жекеменшік әріптестік негізінде салынған жаңа жатақхана 180 тұрғынға есептелген. Жалпы ауданы – 1000 шаршы метрді құрайтын студенттер үйі 5 қабаттан тұрады. Ғимарат барлық заманауи талаптарға сай.
Жекеленген әр бөлмеде 2 және 4 адамнан тұрады, әр бөлмеде жеке санитарлық бұрышы мен душ бөлмесі бар. Жатын бөлмелермен қатар, жатақхана заманауи ас бөлмесімен, кір жуатын бөлмемен және басқа да тұрмыстық, қосалқы жайлармен жабдықталған. Оқу жылы бойында жатақханада университеттің филология, өнер және білім факультетінің білім алушылары орналасады.
Айта кетелік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ бұған дейін де жастарға 4 бірдей студенттер үйін пайдалануға беріп, елімізде жатақханамен қамту мәселесі толығымен шешілген университеттердің бірі болатын. Ал, үшжақты келісім негізінде салынған жаңа жатақхана кәсіпкер Анарбекова Әсия арқылы жүзеге асып отыр.