ШЫМКЕНТТЕ БОЛАТ ӨНДІРЕТІН МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТ САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Рейтинг
17.05.2024, 21:56
ШЫМКЕНТТЕ БОЛАТ ӨНДІРЕТІН МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТ САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы кезеңге нақты тапсырмалар бекіткен болатын.

  • Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек. Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни, уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек. Сондықтан жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн, - Қ.Тоқаев.

Осы орайда Шымкент қаласы — инвестиция салуға ең қолайлы қала екенін мақтанышпен айтуға болады. Бұлай айтуға да негіз бар. Еліміздің үшінші мегаполисінде экономиканың басым секторларына инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығынын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тарифтік саясаттың сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынып, іске асырылды. Бүгінгі күні Шымкентте жалпы ауданы 886 гектар болатын бес өндірістік алаң жұмыс істейді. Осы алаңдарда Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Орта Азия, Өзбекстан сияқты елдерден қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 250 жоба жүзеге асып жатыр.

Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков “Jiangsu Coastal Steel Group Co Ltd” ірі корпорациясының құрамына кіретін қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл компаниялардың болат өндіруде және халықаралық саудада тәжірибесі мол.

Бүгінде компания елімізге жалпы сомасы 1,75 миллиард АҚШ долларын инвестициялауға дайын. Ал Шымкентте бес жыл ішінде үш кезеңде болат өндіретін металлургиялық зауыт салу жоспарлануда.

Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланады. Жылдық өндірістік қуаты 5 миллион тоннаны құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 1000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Қытайлық кәсіпкерлер бүгінде Шымкентте инвестиция тарту үшін барлық жағдай бар екенін атап өтті. Зауыт іске қосылса, басқа да жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Қала әкімі өз кезегінден жобаны Шымкентте жүзеге асыруға, қажетті инфрақұрылыммен қамтуға, сонымен қатар барлық кезеңдерінде әкімшілік қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Сұхбат

PhotoRoom