Шымкент қаласы кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша елімізде алдыңғы озық қалалардың қатарында. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Іскер қала» бағдарламасы аясында былтыр 153 жобаға 412 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Бағдарламада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру, өндіріске бағытталған 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен шағын кәсіпорындардың өнеркәсіптік парктердегі үш жылдық жалдау ақысының шығындарын 25-75% дейін өтеу тетігі де қамтылған.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артты. Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды.
Ағымдағы жылдың үш ай қорытындысы бойынша шаһарда 121,2 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде заңды тұлғалар – 20,4 мың, жеке тұлғалар – 95,2 мың және 5,6 мың шаруа қожалығы бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес 52,6 пайызға өскен.
Шымкентте жалпы ауданы 643 мың шаршы метрді құрайтын 36 базар жұмыс істейді. Оның 19-ы әмбебап, мамандандырылғаны – 17. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы қала базарларын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, базарларды жаңғыртуды талап етеді. Талаптарға сәйкес 19 базар қайта құрылымдауға жатады. Бүгінге дейін «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай» (Алатау), «Акбар», «Иманалиев» мал базары, «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шаһар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ» базарларын реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталды.
Одан бөлек, «Авто Нұр», «Орталық қырғы базар», «Алаш», «Айна» және «Самал» базарында модернизациялау жұмыстары жүргізілген. Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «Бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.
Шымкент қаласы өнеркәсібі — экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. Олай дейтініміз, 2020 жылы Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп өнімдері құрады.