Мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур лекциясында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыды.
1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан лекциялар – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.
Мемлекет басшысы аталған елде жас дипломат ретінде қызмет еткенін есіне алып, тағы да келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, халықтың қамын бірінші орынға қоятын және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанатын «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының ұқсас екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Дәріс барысында Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді ықпалдастық жасай алады деп санайтынын, оның ішінде климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттері осы санатқа жататынын жеткізді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орта державалардың рөлі, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді.