Ресей Беларуське 1,5 миллиард доллар несие береді

Әлем
15.09.2020, 13:40

Мұны Сочиде Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу кезінде Ресей президенті Владимир Путин айтты

Ресей Беларуське 1,5 миллиард доллар несие береді
скриншот: youtube

Президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко жеңімпаз деп жарияланғалы Беларусьте ондаған мың адам қатысқан наразылық шаралары толассыз өтіп жатыр. Осы оқиғаларды сөз өткен Путин “сырттан ешкімге ақыл айтқызбай-ақ елдегі қалыптасқан жағдайды беларусьтер өздері шешуі керек” деді. Бұған қоса ол Ресей Беларусьті ең жақын одақтасы деп санайтынын және “Одақтық мемлекет келісімі мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы міндеттемелерін орындайтынын” айтты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Лукашенко “сайлаудан кейін көрсеткен қолдауы үшін” Путинге және Ресей басшылығына алғыс білдірді. “Дос басыңа іс түскенде танылады” деген Лукашенко жаппай наразылық жүріп жатқан Беларусьте жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты. “Бұл оқиғалар аға ұлтпен жақын болу керектігін аңғартты” деді Лукашенко.

Путин мен Лукашенко қазір Белаусьте жүріп жатқан бірлескен әскери жаттығудың жайын талқылады. Путин жаттығу біткен соң Ресей әскерилері елге қайтып оралады деп ескертті.

Кездесу қарсаңында Лукашенко мен Путиннің басқосуы журналистердің қатысуынсыз өтеді деп хабарланған. Дегенмен, Ресей телеарналары екі президенттің әңгімесінен үзінді көрсетті.

Лукашенко Путинмен кездесу үшін Минскіден Сочиге 14 қыркүйек таңертең ұшып барды. Келіссөз Мәскеу уақытымен сағат 14-тен кейін басталды.

Бұл – Александр Лукашенконың 9 тамыздағы президент сайлауынан бергі шетелге алғашқы сапары. Беларусьте сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген жұрт бір айдан астам уақыт бойы наразылық білдіріп жатыр. Ел оппозициясы да, Батыс мемлекеттері де сайлау нәтижесін мойындамайды, олардың айтуынша, сайлау кезінде жаппай бұрмалау болған.

Беларусь оппозициясы мен Батыстың бірнеше елі қазіргі жағдайда Лукашенко интеграция бойынша Путиннің көп талабына көнуі мүмкін, бұл іс жүзінде Минскіні Мәскеуге бағынышты етіп қоюы ықтимал деп болжайды. Сайлауда Лукашенкоға қарсылас болған оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская Владимир Путинге: “Сочиде қандай құжат қабылдасаңыз да, қандай келісімге келсеңіз де оның заңдық күші болмайды. Заңсыз [президент] Лукашенко қол қойған барлық келісімдерді жаңа билік қайта қарайды. Беларусь халқымен емес, диктатормен диалог жүргізуді ұйғарғаныңыз өкінішті” деді.

Сұхбат

PhotoRoom