Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Корея Президенттері ресми делегация мүшелерімен таныстырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Келіссөзде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды тарихи оқиға ретінде бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсетінін айтты.
Ел Президенті Корея еліміздегі ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретінін, 30 жылдан астам уақытта түрлі салаларда байланыстардың жолға қойылғанын айтып, бүгінде тауар айналымының көлемі 6 млрд долларға жетсе, Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жұмыс жасап тұрғанын жеткізді.
Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль Мемлекет Басшысына құрмет көрсеткені үшін алғысын білдіріп, басты стратегиялық серіктесі Қазақстанмен бірлесе қадам басуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында екі елдің ресми делегация мүшелері энергетика, мұнай-газ, маңызды минералдар мен металдар, білім алмасу және даму, орман шаруашылығы, жұмыспен қамту және еңбек, банктерді қадағалау салаларындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.
Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан мен Корея елдерінің Президенттері журналистер үшін брифинг өткізіп, онда екіжақты келіссөздер жүргізудің мәні, екі ел арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықтың дамуы, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға баса мән берілетіндігі айтылды.
Одан әрі Президент Қазақстан-Корея бизнес форумында сөз сөйлеп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең перспективті бағыттарына тоқталды.