Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған Ақан Рахметуллин Алматыда орналасқан Қазақстандағы БҰҰ-ның «UN Plaza» ғимаратын аралап, елімізде аккредиттелген БҰҰ агенттіктері өкілдіктерінің басшыларымен кездесті.
Кездесуде тәуекесіздік жылдарындағы еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған үкіметаралық ұйыммен жан-жақты байланысы жоғары бағаланып, осы күнге дейінгі бірлескен жетістіктер талқыланды.
Оның ішінде еліміздің бастамасымен «Барлық балалар үшін бейбітшілік пен төзімділік рухында сапалы білім беруді қамтамасыз ету» атты бірінші қарарының қабылдануы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 2026 жылды Орнықты даму үшін еріктілерді халықаралық жұмылдыру жылы деп жариялау туралы қарары, Қазақстанның үміткері, белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынованың 2025-2028 жылдар кезеңіне Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою комитетіне (CEDAW) сайлануы секілді жетістіктері ерекше бағаланды.
БҰҰ өкілдері Ұйым құрылымдарының қызметі мен жоспарларымен таныстыра келе, одан бөлек еліміздің орнықты дамуына қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Сондай-ақ кездесуде Орталық Азия алдында тұрған өзекті мәселелер де талқыланды.
Одан бөлек, қазақстандық дипломат БҰҰ-ның Қазақстанда аккредиттелген бірқатар агенттіктің өкілдіктерінің басшыларымен, атап айтқанда ЮНИСЕФ басшысы Р.Сарвармен, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі К.Вавьерниамен кездесіп, балалардың мүмкіндіктерін кеңейту, сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету бойынша жобаларды қарастырды.
Сонымен қатар Ақан Рахметуллин ЮНЕСКО-ның Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметімен танысып, өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалған Қайрат Ермекұлы Омаров БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Дүниежүзілік ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке сенім грамоталарын тапсырды
А. Гутерриш жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілді қызметімен құттықтай отырып, еліміздің халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Өз кезегінде Қайрат Омаров Мемлекет Басшысымен жүргізіліп жатқан реформаларға, Қазақстанның БҰҰ-дағы ұстанымдарына тоқталып, практикалық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру жолдарын қарастырды.
Айта кету керек, еліміз 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болса, ал 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланған.
БҰҰ Плаза ғимаратының ресми инаугурациясы 2019 жылдың мамыр айында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп, бүгінде еліміздегі БҰҰ ғимаратында штаттық саны 120 адамнан асатын 18 агенттік орналасқан.