Өскеменде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Рейтинг
23.06.2024, 19:04
Өскеменде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Облыс орталығында өткен «Шығыс маманы» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Бос жұмыс орындарын ұсынушылардың қатарында маман тапшылығын көріп отырған аудандар мен қалалардағы әр саланың өкілдері бар. Сондай-ақ «ҮМЗ» АҚ, «Біріккен энергетикалық компания» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ сияқты ірі компаниялар мен шағын кәсіпорын иелері де білімді де білікті мамандар іздеп келіп отырғандарын айтты.
– Бүгінгі «Шығыс маманы» бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің мақсаты жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші мамандарды, жастарды бір-бірімен тікелей байланыстырып, жұмыссыз адамдардың қатарын азайту. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100-ден астам жұмыс беруші 1500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Өңірімізде түрлі өнеркәсіп салаларында, тау-кен өндірісінде, білім және медицина мамандарының тапшылығы бар екені анықталып отыр, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова.
Маман іздеушілердің қатарында мемлекеттік басқару жүйесінің ұйымдары, қаржы саласы, құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің өкілдері де бар.
– Біз осындай бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне биыл үшінші рет қатысып отырмыз. Ел Президентінің тапсырмасына орай Ұлттық ұланға қабылданатын әскери қызметішлердің қатары арта түсті. Осыған байланысты бізде жаңа лауазымдар ашылып жатыр. Бос тұрған лауазымдарға маман іздеу мақсатында бүгінгі жәрмеңкеге қатысып жатырмыз. Бізге жұмысқа кірген әсери қызметшілердің офицер шеніне дейін көтеріліп, әскери оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктері бар. Одан бөлек, әскери қызметшілерге көрсетілер әлеуметтік көмектің де түрі көп, – дейді 3477 Ұлттық ұлан әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Аңсар Шәкенов.
Жәрмеңкеге қатысушыларға жаңадан құрылған Марқакөл ауданы көптеген бос жұмыс орнын ұсынса, Глубокое ауданының білім бөлімі 99 бос жұмыс орнын ұсынып отырғандарын айтты. Сондай-ақ облысқа қарасты барлық аудандардың өкілдері де өздеріндегі бос жұмыс орындары бойынша жұмыс іздеушілерге кеңес беріп, байланыс орнатты.
– Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің биылғы түлегімін. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру мамандығы бойынша оқу орнын бітіріп жатырмын. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келдім, егер өзіме қолайлы жұмыс табылса істеуге дайынмын. Әзірге бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім, тағы да басқа жұмыс берушілермен сөйлесе келе таңдау жасайтын боламын, – дейді колледж түлегі Карина Мұратқызы.
Ашық платформада жұмыс берушілер өз компанияларымен таныстырып, керекті маман иелері бойынша кандидаттардың жеке базасын қалыптастырмақ. Осылай облысымыздағы маман тапшылығын реттеп, жұмыссыз адамдардың қатарын азайту көзделген.

Сұхбат

PhotoRoom