Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен соң 7 балдық жер сілкінісіне шыдас береді

Аймақ
24.09.2020, 11:23

Әу баста су қойма 6 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей қуаттылықпен салынған

Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен соң 7 балдық жер сілкінісіне шыдас береді

Бұл туралы журналистерге арналған пресс-тур барысында су қоймасында сейсмикалық тұрақтылықты нығайту бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының учаске басшысы Ғалым Мырзабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 1967 жылы Шардара су қоймасы ең көп дегенде алты балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей қуаттылықпен салынған. Алайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазсушар» РМК сақтық шараларын күшейту үшін құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін «Шардара» су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алған.

«1 млн 100 мың текше метр құм төселеді. Осылайша нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтамыз. Жер сілкінісі болса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл жұмыстардың бәрі соның алдын алу үшін.  Арнайы бұрғыланған тесіктердің санын көбейтіп жатырмыз. Ол жер асты суларының деңгейін төмендетеді»,-  дейді Ғалым Мырзабаев.

Ал, Қапшағай су қоймасының «Шардара» су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиевтің сөзінше, 2019 жылы нысанның қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша 56 жыл бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2021 жылдың аяғында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстарының шамамен 33 пайызы аяқталып, құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Осы уақытқа дейін Шардара су қоймасындағы ұңғымалардың саны 183 болатын. Қазір ол 600-ге көбейтілді.

Айта кетейік, Шардара су қоймасының жалпы сыйымдылығы - 5 млрд 200 млн текше метр. Қазір су нысанында 792 млн текше метр су бар. Осының нәтижесінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысының біраз бөлігінде вегитациялық кезең сәтті өткен. Егін-терім науқаны кезінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысына 7 млрд текше метр су берілген.

Алдағы уақытта Шардара су қоймасына сандық технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ. 

«Бұл жердің барлығына электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан судың бәрі компьютер арқылы есептеледі. Оны мамандар бақылап отырады. Ал, бұрын гидротехниктеріміз платинаның барлығын аралап, судың деңгейін қолмен өлшейтін», - деді Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиев.

Сұхбат

PhotoRoom