Шымкент кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі мегаполис аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу болып табылады. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 сәуірдегі Жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Атамекен» ҰҒО бірлесіп интерактивті инвестициялық картаны әзірлеген болатын.
Интерактивті инвестициялық карта - бұл инвестициялық жобалардың орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін сандық құрал. Ол инвестициялық жобамен байланысты барлық тараптар үшін тиісті жауапкершілікті белгілейді. Бүгінде Шымкент қаласының инвестициялық жобаларының ұлттық бірегей пулының тізіліміне жалпы сомасы 443 миллиард 56 миллион теңгеге 59 жоба енгізілген.
Жоба мониторингінің нәтижелері бойынша қазіргі уақытта ол 5 кезеңге бөлінген:
- 1 кезең-жобаларды ұлттық пулға енгізу (1 жоба);
- 2 кезең – құжаттарды әзірлеу (13 жоба);
- 3 кезең-құрылыс-монтаж жұмыстары (40 жоба);
- 4 кезең-пайдалануға беру, өндірістік қуаттылық, өтелімділік (5 жоба).
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау шеңберінде барлық тараптарды жұмылдыру қарастырылған.
Шымкент кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы және құзыретті бақылаушы органдармен бірлесіп кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, жыл басынан бері Палатаға бизнес құқығын қорғау туралы 66 өтініш келіп түсті. Ал өткен жылы тиісті кезеңде 51 өтініш тіркелген. Биыл 21 өтініш бойынша оң шешім қабылданды, 109 миллион теңгеден астам сомаға кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды. Ағымдағы жылдың 5 айында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 4 отырысы өтіп, онда бизнестің 6 проблемалық мәселесі талқыланды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша 18 ұсыныс тіркеліп, оның 15-і орындалды.
Елімізге тартылған инвестициялар экономикамызға тамыр жаюы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз қажет. Сол себепті, мемлекеттік органдар инвестициялық қызметті қолдауға барынша атсалысуға тиіс. Бұл бағытта жасалған нақты және аса маңызды қадам ретінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын атап өтуге болады. Себебі құжат тез шешім қабылдаудың жаңа жүйесін енгізді.