ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖАҢА НЫСАНДАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Рейтинг
24.06.2024, 12:53
ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖАҢА НЫСАНДАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкент шаһары республикадағы үшінші мегаполия атанғанына да биыл 6 жыл толды. Осы атаулы дата қарсаңында қала күнінде шаһар жұртшылығына тарту ретінде 2 мыңнан астам көрермен сыятын концерт залының есігі айқара ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталмыш нысанның құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын.
Заманауи үлгіде барлық талапқа сай жабдықталған конгресс холл қалалық филармония өнер ұжымына берілді. Мұнда концерт және мәдени шаралардан бөлек халықаралық жиындарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Залдарға кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ ғимараттың екінші бөлігінде қолөнершілер орталығы мен шеберхана жұмыс істейді.
Алдағы уақытта аталмыш мәдени мекемеде  80 адамнан тұратын ұлт аспаптар оркестірін құру жоспарда бар. Сондай-ақ қосымша әншілер, вокалды аспаптар ансамблі, этно-фольклорлық, жалпы музыканың әртүрлі жанрында толыққанды құрам болады. 
Қала күніне орай Жібек жолы - Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. 10 000 шаршы метр аумақта тұрғындардың демалысы үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.
-    Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Демеушілер мен мердігер компания өкілдеріне атқарылған жұмыстар үшін алғысымды білдіремін. Мақсатымыз – қаланы халыққа өмір сүруге барынша қолайлы ету. Біз саябақтар мен алаңдарды абаттандыру мен көгалдандыруды бірегей стильде жасауға тырысамыз. Халық көп шоғырланатын орындарды көгалдандыруды жалғастырамыз, – деді шаһар басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom