ҰБТ: СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Рейтинг
24.06.2024, 13:00
ҰБТ: СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда негізгі ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасатыны баршаңызға мәлім. Ал төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты ұзартылады және 6-20 мамыр аралығында, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.
Ал, Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы ҰБТ форматына ішінара өзгерістер енгізілген. Бұрын оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ берілсе, биыл 10 сұраққа жауап беру керек. Осы екі пәннен алынған 5 сұрақ бейінді пәндерге қосылды. Мамандардың айтуынша, талапкерге оқуға түскенде бірінші кезекте таңдаған мамандығына негіз болатын бейінді пәндер бойынша білім қажет. Қазіргі белгіленген тәртіп бойынша 1-мәтіннен – 2, 2-мәтіннен – 3, соңғы мәтіннен 5 сұрақ келеді. Орталықтың ақпараты бойынша тестілеу пәндері (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы, екі бейінді пән) өзгеріссіз қалды. 120 сұрақ. Ең жоғары ұпай – 140. Жалпы, ҰБТ-ға берілетін уақыт та өзгертілмеген, 4 сағат, яғни 240 минут. Ал, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға қосымша 40 минут беріледі.
Былтыр мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда рекордтық медаль жеңіп алды. Президент дарынды балаларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Министрлік халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ олардың тәлімгерлері біржолғы қаржылай сыйлық алуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізді. Сонымен қатар халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері мен әлемдік спорттық және шығармашылық байқаулардың жүлдегерлеріне ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқығы беріледі.
Шымкент қалалық білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы оқу жылында 11-сыныпты бітірушілер саны – 13 289. Оның 12 026-сы (90,5%) ҰБТ тапсыруға өтініш қалдырған. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 459 оқушы, бұл жылдағыдан көп.
Шымкент қаласында өткен 2022-2023 оқу жылында 313 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Бұл көрсеткіш биыл артып отыр. Ал, қорытынды аттестаттауда биыл алғаш рет 5,6,7,8,10-сынып оқушылары (116 649 оқушы) 27–30 мамыр аралығында қазақ тілінен аралық емтихан тапсырады. Емтихан тапсырмасын орындау үшін 180 минут беріледі. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардан өткен тақырыптар мен оқу мақсаттарына сәйкес емтихан алынады. Келе алмайтын оқушының үйіне барып алу талап етіледі. 11 (12)-сыныптың білім алушылары бітіру емтихандарын 2024 жылғы 29 мамыр – 11 маусым аралығында бес пән бойынша тапсырады. Негізгі ҰБТ Шымкент қаласында орналасқан «U-Study» 3 аймақтық тестілеу орталықтарында өтеді. Барлық орталықтар қажетті техникалық құралдармен, сондай-ақ тест орталықтары жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, психолог және медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда мектеп педагог-психологтары бітіруші сынып оқушыларымен психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сұхбат

PhotoRoom