Мемлекет Басшысы жыл басынан бірқатар еліміздің Сыртқы істер министрлігінде басшылық лауазымдарды, сонымен қатар Төтенше және Өкілетті Елшілерді тағайындады.
Атап өтсек, биыл ақпан айында Қазақстан Республикасы Преизентінің Жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды.
Мұрат Нұртілеу 1976 жылы Алматы қаласында дүниеге келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген.
Еңбек жолын Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі болып бастап, екінші хатшы, Министр кеңесшісі, Хатшылық басшысы қызметтерін атқарса, 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары, басшысы лауазымдарында жұмыс істеген.
Кейіннен Сыртқы істер министрілігіне қызметке қайта оралып, 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) тұрақты өкілдігінде кеңесші-уәкіл, 2 жыл Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып жұмыс жасаған.
2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтерді атқарған.
2023 жылдан бастап еліміздің Сыртқы істер министрі лауазымын атқаруда.
Сәуір айында Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқарған Мадияр Смәділұлы Меңілбеков Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Ол 1978 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келіп, еңбек жолын Мысырдың «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы қызметінен бастаған.
2005-2024 жылдары түрлі қызметтерде, атап айтқанда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы, Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің үшінші хатшысы, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің атташесі, үшінші және екінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесшісі және кеңесші-уәкілі, Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымдарын атқарған.
Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатыла отырып, Нажмедин Мұхаметәліұлы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Елші 1973 жылы дүниеге келген. 1999 жылы Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақстандағы Сауд Арабиясы Корольдігі Елшілігінің референт-аудармашысы ретінде бастаған қазақстандық дипломат, Қазақстандағы Сауд Арабиясы Елшілігінің маманы, Елшісінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, Қазақстанның Дубай қаласындағы (БАӘ) Бас консулдығының екінші және бірінші хатшысы, кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің кеңесшісі, Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің кеңесшісі, ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің кеңесшісі, Қазақстанның Сауд Арабиясы Елшілігінің кеңесші-уәкілі лауазымдарын атқарған.
Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Айдарбек Әнуарбекұлы Тұматов тағайындалды. Сыртқы саясаттағы еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің екінші және бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Экономика және гуманитарлық істер жөніндегі департаментінде басқарма басшысы, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы (БАӘ) Бас консулдығының бірінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әміріліктеріндегі Елшілігінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің Ақпараттық-сараптамалық департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әміріліктеріндегі Елшілігінің кеңесші-уәкілі, Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
Бұл тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарын атқарған.
Мемлекет Басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстан Республикасының Корей Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
1972 жылы 20 маусымда Алматы қаласында туған дипломат Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ауғанстан Ислам Республикасымен ынтымақтастық сұрақтары бойынша Арнайы өкілі, Қазақстан Республикасының Корей Халық-Демократиялық Республикасындағы елшілігінде бірқатар лауазымдарды атқарған. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсет Арманұлы Ерғалиев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Ал Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып Қайрат Ермекұлы Омаров тағайындалды.
1967 жылы 2 ақпанда Алматыда дүниеге келген, еңбек жолын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрілігінен бастап бірқатар елдер мен халықаралық ұйымда түрлі қызметтерді атқарған І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі лауазымынан босатыла отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Маусым айының басында бірқатар қазақстандық дипломаттар тағайындалды. Атап айтқанда, Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына Талғат Рахымқұлұлы Шалданбай тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына Нұрлан Асқарұлы Ноғаев тағайындалды.
Азамат Сәбитұлы Әбдіраимов Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. Ал бұған дейін аталған лауазымды Жанна Сәбитқызы Сартбаева атқарып келген болатын.