Шымкент: Білім беру мекемелері толық интернет желісіне қосылған

Аймақ
23.09.2020, 19:25

Қала шетіндегі интернет жылдамдығы төмен елдімекендер бойынша 8 орынға байланыс станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде

Шымкент: Білім беру мекемелері толық интернет желісіне қосылған
Фото: Серік Қосай

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тəжиева мəлімдеді.

– Қалада білім мекемелері толықтай интернет желісіне қосылған. Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ-ы арқылы білім беру ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с - 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту мақсатында қосымша келісімшарттар түзілуде. Ал қала шетіндегі интернет жылдамдығы төмен елдімекендер бойынша Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасы  «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, 8 орынға байланыс станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді Ж.Тәжиева.

Спикердің сөзіне сүйенсек, қалада 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет-тарифіне қосылған SIM карталар беріліп, 760 отбасыға кабельді интернет желісі тартылған.

Брифинг барысында Жанат Арысбекқызы биыл білім алу онлайн форматта жүргізілуіне байланысты ата-аналар тарапынан компьютерлік техника және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде бірқатар арыз-шағым түскенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, қаладағы білім беру ұйымдары толық санитарлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Сұхбат

PhotoRoom