Мегаполисті абаттандыру, Шымкентте қала тұрғындары үшін қолайлы орта құру мақсатында ТКШ тарапынан қалалық аумақтарды абаттандыру, жаңа аумақтар салу және бұрын салынған орман-саябақ аумақтарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ескі саябақтарды қайта құру және олардың инфрақұрылымын жаңарту оларды барлық жас топтары үшін тартымды және қолжетімді етеді. Жаңа ойын алаңдары, спорт кешендері орнатылуда.
Қазіргі уақытта қалада қала тұрғындарының көлемі мен тартымдылығы бойынша мынадай ауқымды саябақтар жұмыс істейді. Олар "Жайлаукөл" паркі, "Қазына" этнопаркі, Дендропарк, Арбат, Тәуелсіздік паркі және басқа да саябақтар. Қалалық аумақтың ауқымды дамуы жағдайында абаттандыру және көгалдандыру жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының біріне айналуда. Жақында Желтоқсан көшесінде жаңа гүлзардың ашылуы өтті. Демеушілердің қолдауымен құрылған жаңа демалыс аймағы 4000 шаршы метр аумақта заманауи шамдармен жарықтандырылып ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолдары жабдықталған. Жайлы орындықтар, шағын архитектуралық пішіндер, жасыл кеңістіктер және суармалы көгалдар қала тұрғындар мен қонақтарына жайлылық сыйлайды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сәуле ауданында да жаңа саябақ ашылды. Жалпы ауданы 2,5 га демалыс алаңына 1000-ға жуық ағаш, 13500 шаршы метр көгал отырғызылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Бірнеше аймаққа бөлінген саябақта балалар демалысы мен спортпен шұғылдануға, серуендеуге арналған жолдар қарастырылған.
Сондай-ақ қала әкімдігінің бастамасымен қазіргі уақытта Еңбекші ауданында Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысы маңында тағы бір сквер салынуда. Жобаны іске асыру әлеуметтік жауапты бизнестің көмегімен жүзеге асырылады. Жаңа сквердің ашылуы - Шымкентте заманауи, жайлы және жасыл қаланы құру жолындағы тағы бір қадам, онда әрбір тұрғын жайлы демалып, таза ауадан ләззат ала алады. Саябақтар мен скверлерді дамыту экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік келісімді нығайтуға да ықпал етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмасы шеңберінде Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.