Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Исабеков Данабек Ержанұлы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №69 тергеу изоляторының қызметкерлерімен кездесті. Аталмыш мекеме 2007 жылы негізі қаланып, бүгінгі таңда мұнда 841 азамат жазасын өтеуде. Тергеу изоляторының барлық аймағында 857 бейне бақылау камерасы орнатылған.
ИЧ №69 тергеу изоляторы бастығының уақытша міндетін атқарушы Жалғасбаев Ермек Жармұхамбетұлының айтуынша, аталмыш мекемеде сотталғандар арасында дін орталықтарының имам теологтары ағымдағы жылдың алты айында 320 жеке және 222 топтық кездесу өткізіп, онда деструктивті діни ағымдарды ұстанатындар мен сенім білдіруші азаматтар қамтылған. Сонымен қатар, тергеу изоляторында жазасын өтеп отырғандар үшін профилактикалық бейнероликтер, фильмдер көрсетіледі.
- Жаза өтеп отырғандар арасында жұмысқа жарамды азаматтар ақылы жұмыс істеп жатқандары да бар. Аталмыш меке шағын және орта бизнес өкілдерімен арнайы бітімгершілік келісім түзіліп, нәтижесінде қала бойынша 1143 сотталған азамат жұмысқа орналастырылған. Ағымдағы жылы сотталғандар арасында дене мүшесіне зақым келтіру, өз-өзіне жарақат салудың 37 дерегі тіркелген. Қазіргі таңда мекемелерде жаза өтеушілердің арасында жасы 50-ден асқан науқас адамдар күнделікті тексеруден өтеді. Апта сайын 20-30 сотталған азамат диагностикалық тексеруден өту үшін ауруханаға апарып келеміз, - деді өз сөзінде Ермек Жалғасбаев.
Мекеме басшысы мәжілісменге қордаланған мәселелер легін жеткізді. Ермек Жармұхамбетұлы, ең алдымен осы мекемеге жақын орналасқан жапсарлас үйлерді көшіру мәселесін қозғады. Осы үйлердің тұрғындары тергеу изоляторындағы азаматтарға есірткі заттарын жеткізу фактілері тіркеліп, ол бойынша қылмыстық тергеу амалдары жүргізілген. Сонымен қатар, пробация қызметінің кемшін тұстарын да атап өтті. Яғни дәл осы пробациямен қызмет атқаратын азаматтарға әлеуметтік жағдай жасалуы, олардың жалақы мөлшерін көбейту, сонымен қатар пробация бойынша бостандыққа шыққан азаматтарды қадағалау жұмыстарына қызметтік көлік қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты Данабек Ержанұлы аталмыш мәселелерді парламент мәжілісінің сессия отырысында көтеретінін жеткізді.