Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Испания Елшісі Хорхе Урбиоланы еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қабылдап, екі ел арасындағы түрлі салалардағы, атап айтқанда экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуда қосқан үлесі үшін Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің құрмет грамотасын табыстады.
Сұхбат барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің орнағанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар кестесі мен ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын талқылады.
Экономика саласындағы әріптестікке тоқталған қос тарап, «Indra», «Inditex», «Talgo», «Maxam», «Airbus Defense&Space» секілді испандық компаниялардың арқасында бұл бағыттағы ынтымақтастық деңгейі одан әрі дамып келе жатқандығын айтты.
Сонымен қатар, «Xcalibur», «Técnicas Reunidas» секілді ірі испандық компаниялармен елімізде жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдары қаралды.
Одан бөлек, қазақ-испан арасындағы гуманитарлық, спорттық салалардағы байланыстар талқыланып, кездесу соңында Р.Василенко Х.Урбиолаға алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Испания Елшісі Хорхе Урбиола еліміздің қонақжайлығына алғысын білдіріп, Астана мен Мадрид арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
Кездесуде қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығымен жақсы таныс Испания Елшісіне «Әлқисса» күйі орындалған жеке домбыра тарту етілді.
Айта кету керек, өткен жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалған Данат Өмірбайұлы Мұсаев екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар кездесулер өткізді.
Осы айда Мадридте өткен «Геосаяси тенденциялар (V): Жаһандық Оңтүстік бар ма?» атты Орталық Азия бойынша «дөңгелек үстелге» Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев қатысып, еліміздің экономикалық даму саласындағы жетістіктерімен қатар, Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық дамуға жаңа серпін беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытына тоқталды.
Қазақстандық Елші іс-шараға қатысқан халықаралық қатынастар, экономика және саясат саласындағы жетекші сарапшылар мен әскери-саяси өкілдер, бизнес қауымдастығы мен Мадрид Комплутенсе Университетінің оқытушылары мен студенттерін еліміздегі белгілі батырлар мен көрнекті тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай жоспарланған және тойланып жатқан іс-шаралармен таныстырып, Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан хабардар етті.
Дөңгелек үстелде биылғы жылы екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толғаны айтылып, конференциядан кейін еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері мен халықаралық ұйымдармен байланыстары туралы «RTVE» Испанияның ұлттық радио және теле корпорациясына сұхбат берді.
Одан бөлек, Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толуы аясында Қазақстанның Испаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрі кабинетінің директоры Серхио Куеста Францискомен кездесіп, осы уақыт аралығында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси ынтымақтастықта жеткен жетістіктер талқыланды.
«Pilar García Peña» ашық аспан астындағы аудиторияда қазақ скрипкашысы, ҚР Халық әртісі, «бейбітшілік үшін ЮНЕСКО әртісі» құрметті атағының иегері Айман Мұсаходжаеваның және испандық дирижер Мануэла Тевардың «Candlelight» шамдарымен классикалық музыка концерті ұйымдастырылып, еліміздің Испаниядағы елшісімен қатар, Мадрид ауданы «Орталес» мэриясының өкілдері, жергілікті тұрғындар мен қазақ диаспорасы қатысты.
Көрермендер қазақ скрипкашысының өнеріне тәнті болып, аталған концерт қазақ өнеріне, мәдениетіне деген қызығушылықты тудырды.
Екі ел арасындағы қоршаған ортаны қорғау мәселесін талқылау мақсатында Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев пен Испанияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Уго Моранның кездесуі өтті.
Экологиялық проблемаларды шешудегі халықаралық ұйымдардың рөлі мен бұл бағыттағы екі елдің қарым-қатынасы талқыланып, ортақ мақсаттарға жетуде тәжіибелерімен алмасуға келісті.
Одан бөлепк, цифрландыру, жасанды интеллект, ақпараттық жүйелерді қорғау, «e-Government» салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин бастаған қазақстандық делегация Мадридке жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары барысында қазақ делегациясы «INCIBE», Ұлттық киберқауіпсіздік институтының, Испанияның цифрлық трансформация және мемлекеттік қызмет министрлігінің, «ЮНВТО», «IE» университетінің және Мадрид қ. цифрлық мэрия Кеңсесінің басшыларымен кездесті.
Испанияда Қазақстанға арналып «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, онда Кәсіпкерлік ұйымдар конфедерациясының, Сауда палатасының өкілдері мен IT және жасанды интеллект саласындағы жиырмаға жуық кәсіпкер мен қауымдастықтар қатысты.
Пікірталас форматында өткен кездесуде испандық компаниялар Еуропа нарығына қазақстандық IT-шешімдерді жетілдіруге қызығушылықтарын білдірді.
Дөңгелек үстелдің қорытындысымен «Bilbao Acceleration Tower» инновациялық орталығы мен «Astana Hub» арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, Қаныш Төлеушин испандық «EFE» басылымына сұхбат берді.
Қазақстан мен Испанияның көші-қон саласындағы ынтымақтастығы Елші Данат Мұсаевтың Испанияның көші-қон жөніндегі мемлекеттік хатшысы Пилар Кансела Родригеспен кездесуінде талқыланды.
Екі тарап арасындағы сұхбат барысында көші-қон процесінің реттелуі мен Қазақстанның көші-қон саясатындағы негізгі бағыттары мен бұл салада тәжірибе алмасуы қарастырылды.
Білім саласында, атап айтқанда жоғары білім саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету, қос диплом бағдарламаларын талқылаған кездесу Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев пен Испан университеттерінің ректорлар конференциясының (CRUE) президенті – Ұлттық қашықтықтан білім беру университетінің (UNED) ректоры Рикардо Майрал Усонмен өтті.
Кездесуде Данат Мұсаев елімізде шетелдік оқу орындарын ашу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып, Университет ректоры UNED өкілдігін ашу бойынша бірлескен жұмыстарға дайындығын білдірді.
Ал қазақ мәдениетін Испанияда таныту мәселесі Испания Ұлттық антропология мұражайының директоры Фернандо Саеспен кездесуде талқыланды.
Мадрид автономиялық университетінің Экономика және халықаралық қатынастар мектебі ұйымдастырған конференцияда сөз сөйлеген Қазақстанның Испаниядағы Елшісі еліміздің экономикалық даму саласындағы жетістіктерімен таныстырды.
Испания СІМ Әлемде испан тілін ілгерілету жөніндегі Бас директоры Гильермо Эскрибаномен кездесуде Сервантес институтының Қазақстандағы өкілдігін ашу және бірлескен кітаптар шығару мүмкіндіктері қаралды.
Көлік-логистика саласындағы екіжақты даму перспективалары Испанияның көлік жөніндегі мемлекеттік хатшысы Хосе Антонио Сантаномен келіссөздер барысында талқыланды.
Қазақстандық Елші бұл салада Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардан егжей-тегжейлі хабардар етіп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттігіне тоқталды.
Кездесу қорытындысымен барлық өзекті мәселелер бойынша әріптестікті одан әрі дамыту жолдары қарастырылды.