Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі көліктің адам қаққаны рас па?

Жаңалықтар
08.10.2020, 10:47

Оқиға 2019 жылы болған

Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі көліктің адам қаққаны рас па?
Фото: ашық дереккөзден

Бұқаралық ақпарат құралдарында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жүргізушісі адам қағып кетті деген ақпарат тарады. БАҚ-тың хабарлауынша, көлік қаққан 34 жастағы жігіт сол жерде қайтыс болған.

«2019 жылдың 13 қазан күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Теміртау-Нұра-Астана трассасы бойында Ерлан Омарқұлов есімді жігітті көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан 34 жастағы тұрғын сол жерде қайтыс болады. Ұзамай марқұмның туыстары адам өліміне себепкер болған жол талғамайтын бұл көліктің белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі екенін естіп білген», – деп хабарланды.

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жеке басына қатысты тарап жатқан ақпаратқа қатысты жауап ретінде видео үндеу жолдады.

«Желіде, түрлі парақшаларда Тұрсынбек Қабатовтың көлігі адам қағып кетіпті деген ақпараттар тарап жатыр. Cондықтан шындықты өзім айтқанды жөн көріп отырмын. Үндемей отыра алмадым. Алла Тағала куә. Мен бұл істің басында болған емеспін. Бұл бір жыл бұрын 2019 жылдың қазан айында болған оқиға. Менің көмекшім, музыкантым кешке келіп, «бір жерге барып келейін» деп көлік сұрады. Ойымда ештеңе жоқ. Кілтті бере салдым. Жігіттер жағы түсінеді. Арты бұлай аяқталады деп ойлаған жоқпын», - дейді ол.

Тұрсынбек жүргізушісі жоқ екенін, көлікті өзі басқаратынын айтты.

«Кейбір ақпарат беттерінде Тұрсынбектің жүргізушісі деп беріпті. Менің жүргізушім жоқ. Көлікті өзім басқарамын. Оның бұрын көлік жүргізуші куәлігін көргенмін. Сол уақытта құжатынан айырылып қалғанын білмейді екенмін. Ол да айтқан жоқ.

Артынан осындай оқиғаның Қарағанды тас жолында болғанын естідім. Төбемнен жай түскендей болды. Оңай болған жоқ. Сұрастырсам, марқұм өзі кінәлі екен. Кішкене ішкені бар. Жолға жүгіріп шыққан дейді. Қазір марқұмның артынан ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Барлығы «делада» жазылды. Куәгерлер бар. Содан әлгі жігітке "қолыңмен істегенді мойныңмен көтер, мен араласпаймын" деп айттым. Біреулер Тұрсынбек шешіп тастады, ақша берді деп жатыр. Мен ешкімге хабарласқан жоқпын, бұл іске араласқан емеспін. Ол жерде болмасам да, «көлік сенікі ғой» деп кінә тағып жатқандар үшін кешірім сұраймын. Бірақ көліктің ішінде болған емеспін. Менің айтарым осы», - деді Тұрсынбек Қабатов.

Сұхбат

PhotoRoom