Қазақстан мен Аустрия арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективаларын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Николаус Маршикпен кездесті.
Екі елдің өкілдері қазіргі халықаралық күн тәртібіндегі мәселеге, оның ішінде ресей-украин арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу мен бұл бағыттағы Қазақстанның позициясын талқылап, тиісті байланыстар үшін елімізден алаң беруге дайындық айтылды.
Сонымен қатар, Николаус Маршик Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы белсенділігі мен әлемдік мәселелерге көзқарасын атап өтті.
Қазақстандық дипломат басқарған еліміздің делегациясы Қазақстан-Аустрия консулдық консультацияларына қатысып, консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықты Аустрия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық мәселелер жөніндегі бөлімінің басшысы Г.Штильфрид басқарған Аустрия делегациясымен талқылады. Аталған консультацияға екі елдің ішкі істер министрліктерінің өкілдері де қатысты.
Келіссөзде еліміздің азаматтары үшін Еуропалық Одақ елдерінің визалық режимін жеңілдету мәселелері көтеріліп, бұл бағытта Аустрия тарапынан қолдау болатындығына сенім білдірді.
Сондай-ақ, көші-қон және адам саудасымен күрес саласындағы ынтымақтастық талқыланып, консулдық саладағы әріптестікті одан әрі нығайту жолдары қарастырылды.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Венада өткен Халықаралық энергетикалық инвестициялық форумына қатысты.
Форумның тақырыбы Орталық Азия елдерінің энергетикалық тұрақтылығына бағытталған Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы жобасы болды.
Нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан Қамбар ата ГЭС-1 жобасын бірігіп салу үшін келісімге келіп, құжатта Қырғызстан – 34%, Қазақстан – 33% және Өзбекстан тарапы 33% үлеспен салу көрсетілді.
Аталған су қоймасының іске қосылуы Орталық Азия елдері үшін тиімді болмақ.
Аустрияға сапары барысында Министр ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен, атап айтқанда Andritz Hydro, Gas Connect, Siemens Austria, AGGM-мен, сонымен қатар Аустрия өнеркәсіп қауымдастығының президенті Георг Книллмен кездесіп, еліміздің энергетикалық саласындағы жағдайы мен даму перспективаларынан хабардар етіп, Аустриялық бизнес өкілдері еліміздің энергетика саласын дамыту жоспарларын жоғары бағалады.
Кездесу қорытындысымен аталған бағыттағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.
Жүк тасымалдау нарығының даму перспективаларын талқылау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ және «KTZ Express» АҚ өкілдері Венаға арнайы сапармен барып, Аустрия Федералдық темір жолдарының (ÖBB) жүк тасымалдау компаниясы Rail Cargo Group мемлекеттік жүк компаниясымен кездесті.
9 мыңнан астам қызметкер жұмыс жасайтын Компанияның 18 елде өкілдіктері бар және жылдық айналымы 2 млрд еуроны құрайды.
Сонымен қатар, Аустриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының ұйымдастыруымен биыл Венада Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп, 10-нан астам елден қазақ диаспорасы жиналды.
50 жылдығын атап өтіп жатқан Аустриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығы Еуропаның түрлі елдерінен келген 350-ге жуық қазақтардың басын Вена мэриясының үлкен залында қосты.
20 жылдан астам уақыт бойы Еуропаның әртүрлі қалаларында өткізіліп келе жатқан құрылтай түрлі елдегі қазақтарға кездесіп қана қоймай, тәжірибе алмасуға, қазақ мәдениетімен тереңірек танысуға зор мүмкіндік береді.
Аталған құрылтайда 20-ғасырдың ортасында қоныстанған қазақтармен қатар, жаңадан қоныс аударғандар да қатысып, тілдік айырмашылықтарға қарамастан футбол ойыны барлығын біріктіріп, танысып, араласуға зор мүмкіндік болды.
Одан бөлек, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен оның оқу орындарының өкілдері Аустрияға арнайы жұмыс сапарымен барып, Аустрияның Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен кездесіп, адам саудасына қарсы күресті басқарудың тәсілдері мен осы бағыттағы жаңа және қолданыстағы кадрларды даярлау жүйесімен танысты.
Сүт шаруашылығы саласындағы озық тәжірибені зерттеу мақсатымен қазақстандық фермерлер Аустрияның ауыл шаруашылығы кластерінің шақыруымен арнайы барып, ірі сүт фермаларын аралап, Lactosan жем өндіру компаниясы мен Genostar Rinderbesamung ірі қара малдың генетикасын жеткізушінің қызметтерімен танысты.
Венадағы Мал шаруашылығы үйінде Qazaqsut Ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының Республикалық палата өкілдеріне мал шаруашылығындағы аустриялық тәсіл таныстырылды.
Айта кету керек, тура осы тұрғыдағы кездесу 2023 жылы аустриялық делегацияның Қазақстанға жұмыс сапары барысында ұйымдастырылған болатын.
Одан бөлек, жыл басынан Қазақстандық Сыртқы істер министрлігінің өкілдері құрылыс, логистика және машина жасау, гуманитарлық, әлеуметтік және тағы да басқа салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында келіссөздер, сапарлар, кездесулер ұйымдастырылуда.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді болып табылады.
Дипломатиялық қызметін 1993 атташе лауазымынан бастаған Елші орталық аппаратта түрлі лауазымдарда жұмыс жасаған. Қазақстанның Корей Республикасындағы, Израиль Мемлекетіндегі, Малайзия, Филиппин Республикасындағы, Швейцария Конфедерациясындағы және басқа да бірқатар мемлекеттердің Елшілігінде қызмет етіп, 2016-2023 жылдары Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары, Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған.