Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев аталған елдің Жоғары білім министрі Замри Абдул Қадырмен кездесті.
Екі ел арасындағы перспективті салалардың бірі болып табылатын білім бағытында қолға алынған жобалар мен жүзеге асырылған реформалар талқыланып, елімізден келетін студенттердің санын көбейту жағын қарастырды.
Одан бөлек, қазақстандық елшіліктің ұйымдастырумен Куала-Лумпур орталығында Ұлттық домбыра күні салтанатты түрде ұйымдастырылып, еліміздің домбырашылары халық фольклорлық музыкасы мен халық билерінің үздік композицияларынан концерт берді.
Сонымен қатар, қазақстанның табиғаты сүйреттелген көрмелер, ұлттық тағамдар мен киімдер келушілердің назарына ұсынылды.
Қонақ ретінде шақырылған Малайзия Туризм агенттігі директорының орынбасары Абдул Хади Че Ман екі ел арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде халықтардың ортақ құндылықтарына тоқталды.
Аталған іс-шара қазақ музыкасының бірегейлігін және көшпенділер мәдениетінің терең тарихын таныстыруға септігін тигізді.
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанға іссарамен келген Малайзия Сенаты Төрағасының міндетін атқарушы Нұр Джазлан Мохамедпен кездесіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы таныстырылды.
Мәжілістегі кездесуде мәдени-гуманитарлық, білім беру, IT-технологиялар мен туризм салаларындағы ынтымақастықты дамыту жолдары талқыланып, Малайзиялық Сенат Төрағасының м.а. қазақстандық әріптестерін 2025 жылы Малайзия төрағалық ететін АСЕАН шеңберіндегі іс-шараларға қатысуға өз еліне шақырды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығымен танысу барысында қаржы технологиялары саласындағы екіжақты әріптестікті талқылап, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқып, Алматы қаласында туристік нысандарды аралады.
Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі ірі инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін іскерлік кешкі ас ұйымдастырып, екі ел арасындағы сауда мен инвестицияны дамыту мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Малайзия тарапынан алтын өндіру және сату, тамақ өнеркәсібі, туризм, инфрақұрылым салаларындағы көшбасшы компаниялар мен бірқатар салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
Қатысушыларға еліміздің инвестициялық саясаты, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен бүгінгі күнгі инвестициялық ахуалдың жай-күйі айтылды.
Кездесу соңында мамыр айында Қазақстанда екі ел Премьер-министрлерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелінің нәтижелері, сауда-инвестициялық құжаттарды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.
Бір жыл ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өскен. Елімізде малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс жасаса, $410 млн-нан астам 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда.
Малайзия Қазақстанмен энергетика, білім беру, туризм, сонымен қатар халал өнімдерді жеткізу салаларында ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендіктерін жеткізіп, бірлескен жобалар санын арттыру қажеттіктері қаралды.
Дөңгелек үстел аясында инвестициялық әріптестікті тереңдетіп, нарықтарды бірлесіп игеру келісіліп, жалпы сомасы $350 млн асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим бастаған делегацияны қабылдап, малайзиялық компаниялардың қатысуымен жаңа жобаларды басталуын қолдайтынын жеткізді.
Кездесуде 30 күндік визасыз режимнің екі ел азаматтары үшін қолайлығы, тікелей әуе қатынастарының игілігі мен 500-ден астам қазақстандық жастардың Малайзия университеттерінде білім алып жатқандығы айтылды.
Малайзия тарапы экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесінде министрліктермен бірлескен келіссөздер жүргізуді ұсынды.
Сонымен қатар, көлік-транзит, қаржы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен халықаралық ұйымдармен серіктестікті нығайту қаралды.
Қазақстандық дипломат Болат Сүгірбаев Малайзияның бизнес капитандарымен кездесіп, еліміздің инвестициялық ахуалымен таныстырып, инвесторларға көрсетілетін қолдаулардан хабардар етті.
Инфрақұрылымдық жобалар, теміржолдар саласымен айналысатын «Quill» компаниялар тобының басқарушы директоры Дженифер Лоу Қазақстан нарығын зерделеуге мүдделі екенін білдірді.
Жол және жылжымайтын мүлік құрылысы, жасыл экономика және активтерді басқарудағы ірі компания болып табылатын «UEM Group» компаниялар тобының басқарушы директоры Мохд Изани Ги болашақта сыртқы нарықты зерделеуге дайын екендігін жеткізді.
Қазақстандық Елші автобустар, жүк көліктері мен бөлшектерін шығаратын зауытқа барып, «Tan Chong Group» және «Truckquip» компаниясымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.