Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жаңадан тағайындалған Испания Корольдігінің еліміздегі Елшісі Луис Франсиско Мартинестен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдап, саяси, сауда, мәдени және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуын қазақстандық нарықта испандық «Maxam», «Airbus Defence&Space», «Inditex» және тағы да басқа компаниялардың жемісті жұмыс жасауымен байланыстырып, «Técnicas Reunidas», «Xcalibur» кәсіпорындары жобаларының іске асырылуы талқыланды.
Мәселен «Maxam» компаниясы Қазақстан нарығында 2002 жылдан бері жұмыс атқаруда және тау-кен өндіру сегментіндегі компаниялармен тығыз жұмыс жасауда.
«Inditex» испандық компания, ірі дүкендер желісінің иесі, киім бөлшек саудасының әлемдік көшбасшысы.
Дипломаттар екіжақты серіктестікті одан әрі дамыту мақсатында бірлескен жұмыс бағыттарын талқылап, Роман Василенко Елшіге еліміздегі миссиясын абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Луис Франсиско жылы қабылдау үшін алғысын білдірді.
Одан бөлек, денсаулық сақтау саласындағы қарым-қатынастарды арттыру, медициналық орталықтар арасындағы ынтымақтастық, түрлі бағыттардағы ауруларды емдеу тәжірибелерімен алмасу мүмкіндіктерін талқылау мақсатында еліміздің Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның денсаулық сақтау жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Хавьер Падильямен кездесті.
Қазақстандық Елші еліміздің медицина саласындағы жобаларымен, жетістіктерімен таныстырып, денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерді шешудегі халықаралық ұйымдардың басымдығына тоқталды.
Өз кезегінде Хавьер Падилья денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізіп, ғылыми орталықтардағы тәжірибелерін бөлісу мүмкіндіктерін атап өтті.