Ішкі және сыртқы туризмді дамыту, өңір экономикасын көтеру мақсатымен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация Вьетнамға арнайы іссапармен барды.
Облыстық делегация туристік, экономикалық байланыстарды талқылау үшін «VinGroup» компаниясының төрағасы Фам Ньят Выонгпен кездесті.
Сонымен қатар, іссапар барысында энергетика, логистика, мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша «SOVICO Group» Басқарма Төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен, «Petrovietnam» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесті.
34 жылдық тарихы бар «SOVICO Group» аталған елдегі банк және қаржы, энергетика, құрылыс, авиация салаларында маманданған ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Табысы 20,6 млрд. долларды құрайтын (2022 ж.) компания 100 Airbus ұшағынан тұратын заманауи паркі бар, жыл сайын 180 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетін «VietJetAir» әуе компаниясының негізін қалаушы акционері.
Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша түркі әлемінің рухани астанасы атанатын Түркістан географиялық орналасуы жағынан өте қолайлы және инвестициялық тартымды өңір болып табылады.
Делегация басшысы екі ел арасындағы экономикалық және интеграциялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында вьетнамдық компаниялардың Түркістан облысына келуі жоспарланғандығын хабарлады. Өз кезегінде әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, іссапар барысында бірнеше қонақүйді басқаратын ірі вьетнамдық холдинг «Crystal Bay Group» (CBG) басшылығымен де келіссөздер жүргізілді.
Айта кету керек, Түркістан облысында туризмді дамыту қарқынды жүзеге асуда және ол үшін соңғы 3 жылда 600 млн. АҚШ доллары тартылған, соған сай шетелден келетін туристер ағыны да ұлғайған.