Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру шеңберінде елімізге Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясынан арнайы делегация жұмыс сапарымен келді.
Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде кездесу ұйымдастырылып, қытайлық делегация мүшелеріне Агенттіктің негізгі қызметі, жемқорлыққа қарсы реформалар мен қолға алынған жобалар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен оның жүзеге асырылу барысы таныстырылды.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы қоғам белсенділерін тарту мақсатында қолға алынған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік», кәсіпкерлерді қорғауға арналған «Бизнеске жол» жобалары, квазимемлекеттік мекемелердегі комплаенс-қызметтерінің жүмысы туралы кеңінен ақпарат беріп, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы жетістіктермен бөлісті.
Одан бөлек, Астана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстанға барған сапарлары барысында Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшыларымен кездесіп, өңірлік деңгейдегі жұмыстардың барысымен танысты.
Мәселен, Солтүстік Қазақстанға барған сапарында аталған өңірдегі департамент басшысы Асхат Жақыпбеков облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етіп, бизнесті кедергісіз дамытудағы Департаменттің рөліне кеңінен тоқталды.
Аталған өңірде шетелдік делегацияға майлы дақылдарды қайта өңдеу өндірісін қосқан «Тайынша-Май» ЖШС, ұн тарту комбинатының құрылысы мен макарон өнімдерін өндіруді жоспарланған «Memolux» ЖШС кәсіпорындарының жұмысы таныстырылды.
ҚКП парткомының Тұрақты комитетінің мүшесі, Шэньси провинциясы партиялық бақылау комитетінің Төрағасы Ван Синънин мырза бастаған делегация Алматы қаласына сапарлары барысында қаланың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимовпен кездесті.
Кездесуде осы бағытта серіктестік қатынастарды дамыту, тәжірибе алмасу жолдары талқыланып, еліміздегі заңнамалық реформалар таныстырылды.
Кездесу қорытындысымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.